Бүгінде Instagram туралы бесіктегі бала мен Амазондағы үндіс тайпалары ғана білмейтін болар?! Еңкейген қарттың өзі қолданбаса да, естіген. Бала кездегі сурет салатын альбомды ауыстырған қосымшаның тарихы қандай еді? 7kun.kz IT саласында жолым болып кетсе ғой деп арманда жүргендерге мықты мотивация беруге даяр.
2006 жыл. Кевин Систром кофе автоматының жанында тұрған. Қасына Фейсбуктың негізін қалаған Марк Цукерберг келеді. Олар осыдан бір жыл бұрын да кездескен. Ол кезде Цукерберг Систромға Стэнфордтың соңғы курсын бітірместен оқуды тастап, Фейсбукке арналған фотосервис жасауға көмектес деген ұсыныс жасаған болатын.
«Барлығын да үлгеруге болады. Сол себепті, алдымен асықпай оқуымды аяқтап алғаным жөн деп шештім, — дейді бір сұхбатында Систром. — Жүрегім алдамаған екен. Әрине, дайын стартапқа келіп қосылып, ақша тапқан жақсы. Бірақ адам өз мүмкіндігінің шегін бір байқап көрсе - артық болмайды».
[caption id="attachment_30537" align="aligncenter" width="460"] Кевин Систром мен Майк Кригер[/caption]Систром ұсыныстан бас тартады. Оның басы идеяларға толы жүретін. Үнемі арнайы семинарларға барып, кәсіпкерлермен танысып алатын. Соның арқасында бойына сенімділік жинап, тезірек жаңа істі бастауға күш алып отыратын.
Бір таныс бизнесменнің көмегімен әлеуметтік желілердің кей қасиеттері бар, сурет салынатын және геотаргетинг мүмкіндіктерімен жабдықталған Burbn қосымшасын жасап шығарады. Кевиннің өзі сурет түсіргенді ұнатады. Кейін ол танысуға арналған сайт жасап жүрген Майк Кригер атты жігітпен танысып, өзінің қосымшасын дамытуға шақырады.
Алғашқы ауыртпашылықтар
Қанша жерден мықты идеялар туындап, энергия тасып жатса да, көңіл қалып, қолды бір сілтегің келетін кездер болады. Сондай сәттерде Систром: «Майк, достым, бәрін қоялық. Біздің қолымыздан келмейді-ау. Бәсекелестік деген көп. Мына жобаны дамытамыз дегенше шығынға белшесінен батып бітетін болдық» деп сағы сынады.
Burbn-ның жолы ауыр деп, қоя салған күйі өзге қосымша жасап көруге бел буады. Кевин ұзақ ойлана келе сапасыз суреттердің өзі әдемі етіп көрсететін сервис ойлап табу керек деп шешеді.
Жұмысқа білек сыбана кіріскен олар 2010 жылдың 6 қазанында App Storе-ға алғашқы сынақтық үлгісін орналастырады. Бастапқы кезде бұл қосымша тек Apple өнімдеріне ғана қолжетімді болған еді. Сол күні-ақ тегін қосымшаны жүктеп алып, қолдануды бастағандардың саны жылдам көбейе бастайды. Тіпті сервер құлап қалмас үшін болашақ миллионерлер таңға дейін тер төгіп, бақылаумен болады.
Ертеңіне таңертең Инстаграмның пайда болғаны туралы Битс Блог және Техкранч атты атақты ресурстар жазады. Оны естіген жұрт бірден жүктеп алып жатады. Алғашқы күні-ақ 25 000 қолданушының алғаны - App Store тарихындағы ең үздік көрсеткіштердің бірі болып есте қалады.
Инстаграмның көпшілікке ұнайды. Енді үсті-үстіне дамыта беру керек. Осы мақсатта менеджер болып Джош Ридель, инженер Шейн Суини, Джессика Золлман топқа қосылады.
Instagram танымалдылығы күн сайын өсті. Команда мүшелері өнімдерін "өлтіріп алмау үшін" үнемі дамытып, жаңалық енгізіп отыру керектігін түсінетін.
- 2011 жылдың қаңтар айында нақты бір тақырып аясындағы суреттер іздеуді жеңілдету үшін хештегтер қолдану қосылды;
- осы жылдың қыркүйегінде 2.0 деген нұсқасы шығады. Ол жерде бірнеше фильтрлер қосылып, жоғары рұқсаттағы суреттер қосуға мүмкіндіктер берілген;
- 2012 жылы көптен күткен Андроидқа арналған нұсқасы жарық көреді. Бір тәуліктің ішінде жүктеп алғандар саны - 1 миллионнан асқан.
- Қазіргі қолданып жүргеніміздің нұсқасы - 7.13 (2015 жылдың 18 желтоқсанында жаңартылған).
- Осы жылы инстаграмда әр секунд сайын 575 лайк қойылып, 81 пікір жазылатын. Адамдар айына 257 минутты Инстаграмға арнайтын. Бұл дегеніміз Туиттерде өткізетін уақыттарынан жарты сағатқа ұзақ. Бұл - бірінші жылғы көрсеткіш қана.
- 2013 жылы ұзақтығы 15 секунд болатын видеолар қосуға мүмкіндік берілді. Осы жылы "ВКонтактімен" байланыс орнады.
- 2015 жылы суреттерді толық мөлшерімен жүктеуге, достарға жеке чатпен сурет не видео жіберуге, Direct-ке тек сурет емес, хат жіберуге, жаңа бірнеше фильтр, хештегке эмоджилер қосуға мүмкіндік ашылған.
- 2015 жылдың 22 қыркүйегінде қосымша қолданушыларының саны 400 миллионнан асты.
Цукерберг тәуіп болғаны ма?
Осыған дейін Инстаграмды сатып алған Цукерберг не ойлады екен деген пікір тараған. Себебі, күні бүгінге дейін монетизацияға шықпаған еді. Бірақ, Марктың алдын-ала болжай білу қасиетінен ба екен, осы жылы қосымшада жарнама беру іске қосылды. Яғни, 2015 жылдың 30 наурызынан бастап ұзақтығы 30 секунд болатын видео жазбалар салынып, жарнама беруге мүмкіндік ашылды.
Фейсбук басшысы 2012 жылдың 9 сәуірінде Инстаграмды 1 млрд долларға сатып алады. Фотосервис иелеріне компания 300 млн доллар беріп, өзінің 23 миллион акциясын беретін болады. Келісім бұзылған жағдайда Фейсбук тұрақсыздықтары үшін 200 млн доллар төлейтін болып шешіледі. Сатып алған соң 2012 жылдың 25 маусымында жаңарған 2.5.0 деген нұсқасы шығады. Нәтижесінде, Фейсбукпен байланыс үдей түседі.
Facebook-тың бұрынғы коммерциялық директоры Адам Д’Анджелоның айтуынша: «Адамдар суреттерді сұмдық жақсы көреді. Сол себепті, фотосуретке деген қызығушылығыңыз жоғары болса, Инстаграм сіз үшін өте қолайлы».
«Әлемде не болып жатқанын бірнеше батырманы басу арқылы көрсетуге, бөлісуге болады. Елестетіп көрдіңіз бе? Бұл дегеніңіз керемет қой. Достарыңызға көрсетесіз, жан-жақты хабардар болып отырасыз. Бастысы - ол зат сіздің қалтаңызға сыйып кетеді. Үлкен фотоаппарат та қажет емес. Кәдеңізге жарап жүрген смартфон - осымен бәрін білесіз. Бұл әлемді өзгертетіні сөзсіз», - дейді Кевин Систром туындысы туралы.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024