Алматы. 31 қаңтар. 7kun.kz — Ұлттық банк инфляция ғана емес, сонымен қатар Үкіметпен бірге экономиканың өсуі үшін де жауапты болуға тиіс. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев өзінің халыққа жолдауында жазды.
"Бүгінде Ұлттық банк алдында инфляциялық таргеттеу режімін дамыту жөніндегі маңызды міндет тұр. Орта мерзім ішінде инфляция деңгейін кезең-кезеңмен 3-4%-ға дейін төмендетуге қол жеткізуіміз керек", - деді мемлекет басшысы. Сондай-ақ, еліміздің қаржы секторын «қайта жаңғырту» қажетігіне де тоқталып өтті.
"Ұлттық банкке банк секторын қалыпқа келтіру жөнінде шаралар кешенін әзірлеуді тапсырамын. Банктердің балансын тиімсіз несиелерден арылту жұмысын жеделдетіп, қажет болған жағдайда олардың капиталын акционерлер тарапынан арттыруды қамтамасыз ету керек. Банктердің ахуалына жедел бақылау орнату үшін Ұлттық банкке көбірек құқық берген жөн. Ұлттық банк банктердің қателік жіберуін күтпей, оларға ықпал ететін шаралар қабылдау үшін формальді көзқарастан ықтимал қатерлерге жол бермейтін қадамдарға көшуге тиіс", - деді Н.Назарбаев.
Ол экономикадағы қаражат жетіспеушілігі және несиелер бойынша жоғары мөлшерлеме түйткілдерін шешу мақсатымен Ұлттық банк пен Үкіметке теңге түрінде қолжетімді орта және ұзақ мерзімге арналған қор қалыптастыруды қамтамасыз ету жөнінде кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.
Сонымен қатар, жолдауда тиімсіз бағдарламалардың қаражатын Үшінші жаңғырту міндеттерін іске асыруды қамтамасыз ететін бағдарламаларға қайта бөлу қажеттігі айтылған. Сондай-ақ, қаражатты нақты экономикаға неғұрлым тезірек әрі тиімдірек жеткізу үшін бюджеттік рәсімдерді жеңілдеткен жөн.
Мемлекет басшы "Ұлттық қордан алынған кепілдендірілген трансферт көлемі 2020 жылға қарай кезең-кезең бойынша 2 триллион теңгеге қысқартылуға тиіс. Үкімет квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі қарыздарына мониторинг жүргізу мен бақылау жасау жүйесін қалыптастырып, онда тәртіп орнату керек", - деп айтты.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024