Ұлттық банк банктерге жеке тұлғаларға кредит беру кезінде кейбір комиссиялар түрлерін алуға тыйым салады
Алматы. 14 ақпан. 7kun.kz – 2019 жылғы наурыздан бастап Қазақстан Ұлттық Банкі екінші деңгейдегі банктердің жеке тұлғаларды кредиттеу кезінде комиссиялардың жекелеген түрлерін алуына тыйым салады, - деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Екінші деңгейдегі банктердің (бұдан әрі – банктер) ай сайынғы негізде комиссияларды алуын қысқарту мақсатында Ұлттық Банк қарызды берумен және қызмет көрсетумен байланысты банктік шотты жүргізгені үшін, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жеке тұлғалармен жасалатын банктік қарыз шарттары бойынша қарызды банктік шотқа аударғаны (бергені) үшін комиссиялар белгілеуге және алуға тыйым салды.
Тыйым 2019 жылғы наурыздан бастап жасалатын банктік қарыз шарттарына қолданылатын болады.
2019 жылдан бастап сыйақымен және тұрақсыздық айыбымен қатар, банктер жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты бойынша мерзімі қатарынан күнтізбелік 180 күн өткеннен кейін есептелген қарызды берумен және қызмет көрсетумен байланысты комиссиялар мен өзге төлемдерді талап етуге құқылы емес.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы Ұлттық Банк жылжымайтын мүлік кепілімен ипотекалық қарыз алған жеке тұлға-қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мақсатында банктерге мерзімі күнтізбелік 180 күн өткен соң есептелген сыйақыны төлеуді талап етуіне тыйым салды.