Алматы. 25 сәуір. 7kun.kz — Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Банктің 2018 жылғы қызметінің қорытындысы бойынша кеңес өткізді, деп Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы инфляция деңгейін төмендету бойынша қабылданып жатқан шаралардың қаржылық жағдайға оң әсерін атап өтті.
«Бүгін біз Ұлттық банктің былтырғы жұмысы туралы есепті тыңдаймыз. Еліміздегі макроэкономикалық жағдай мейлінше тұрақты. 2018 жылы ішкі жалпы өнімнің өсімі 4,1% деңгейді көрсетті. Инфляция белгіленген көрсеткіштен аспай 5,3% құрады. Үкімет пен Ұлттық банк жүргізіліп жатқан макроэкономикалық саясаттың сабақтастығы туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ведомство басшысы Ерболат Досаевтың айтуынша, Ұлттық банктің жуырдағы шешімі бойынша базалық мөлшерлеме 9% - ға дейін төмендеді.
«Бұл тартылған қаржының құнын төмендету үшін қосымша мүмкіндік береді және келешекте кәсіпкерлік, әсіресе, шағын бизнес үшін несие мөлшерлемесіне ықпал етеді деп санаймыз. Сіздің Маңғыстау облысына жұмыс сапарыңыздың барысында берген тапсырмаңызды орындау аясында біз Үкіметпен бірлесіп, алғашқы қадамдарды жасадық», - деді Ұлттық Банктің төрағасы.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы теңгенің айырбас бағамына қатысты жағдай, оған сыртқы және ішкі факторлардың әсері, сондай-ақ елдің сыртқы борышының төмендеуі мен шетелдік инвестициялар ағынының артуы туралы хабардар болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев банктердің активтерінің сапасына бағалау жүргізудің және «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстарын жалғастырудың қажеттігін айтты.
Кеңес қорытындысы бойынша Қазақстан президенті ұсынылған есепті мақұлдады және қаржы секторын дамытуға қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024