2017 жылы қаңтар айының соңында Вена қаласында ОПЕК елдері мен оған мүше емес елдердің қатысумен мұнай өндірісін бақылау жөніндегі комитеттің отырысы болды. Тараптар 2016 жылдың 10 желтоқсанында қол қойылған келісім нәтижесін талқылап, біраз ел мәміле бойынша жұмыс істеп жатқанын нақтылады. 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап тәулігіне өндірілетін мұнайдың 1,5 млн баррельге төмендеуі осы жылға жоспарланған көлемінің 85%-ын құрады. Өндірістің қысқаруы нәтижесінде Brent маркалы мұнайдың баррелі 54-56 доллар деңгейінде тұрақталды.
Кейбір сарапшылар ОПЕК елдері өздерінің уәделерінде тұратын болса, осы жылы мұнай бағасы 60 долларға көтерілуі мүмкін деген болжам жасап отыр. Алайда тәуелсіз сарапшы Сергей Смирновтың сөзінше, мұндай трендке кепілдік берудің өзі қиын. Себебі қазіргі кезде АҚШ, Еуропа, Қытай, Жапония сынды экономикалық орталықтар тұрақсыздық жағдайында тұр. Сондықтан қара алтын құнының бірден көтеріліп кетуі екіталай. Бұдан бөлек келісімге қол қойған кейбір елдердің басқа елдерге жеткізетін шикізат көлемі төмендегендіктен бәсекелестік пайда болуы мүмкін.
Сондықтан 2017 жылы ірі мұнай өндіруші елдер арасында Канада мен Бразилия өндірісті қайта көбейтеді деген болжам бар. Өз кезегінде Канаданың мұнай өндіруші ірі компаниясы Canadian Natural Resources өндірісті 6-8%-ға көбейтпек. Ал Бразилияда өндірілетін қара алтын тәулігіне 148 мың баррельге дейін көбейтілмек. Сондай-ақ, мұнай өндірісін қысқарту келісіміне қатысы жоқ Нигерия мен Ливия да шикізат шығаруды көбейтуді жоспарлайды. Атап айтқанда, соңғы жарты жылда Ливия өндірісті тәулігіне 270 000 баррельден 715 000 баррельге дейін көбейткен, осы жылы 1,5 млн баррелье дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Сергей Смирновтың айтуынша, қара алтын нарығындағы ең үлкен қауіп АҚШ-тың жаңа Президенті Дональд Трамптың "энергетикалық" саясаты болып қала береді. Егер оның сайлау алдындағы айтқандары жүзеге асатын болса, 2016 жылы көлемі жарты миллион баррельге дейін төмендеген слансты мұнай қайтадан көбейе бастайды. Себебі Baker Hughes компаниясының соңғы мәліметтеріне сүйенсек, бұрғылау құралдарының саны артқан.
Мысалы осы жылдың 14-20 қаңтар аралығында АҚШ-та 29 бұрғылау құралы пайдалануға берілген. Бұл 2013 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Ал келесі аптада олардың саны 18-ге өсіп, 712 данаға жеткен. Айта кетейік, соңғы екі жылдағы құбылмалыққа байланысты америкалық слансты компаниялар шығынды азайтып, өнімділікті арттыру үшін қомақты прогрестерге қол жеткізді.
АҚШ-тың энергетикалық ақпарат басқармасының ақпараты бойынша (EIA), ақпан айында елдегі слансты мұнай көлемі күніне 41 000 баррельден 4,7 млн баррельге дейін артуы мүмкін. Ал Goldman Sachs инвестициялық банкі болса мұнай бағасы 55 доллар болған жағдайда АҚШ-тың слансты мұнай өндіруші компаниялары нарыққа тәулігіне 800 000 баррель жіберуі мүмкін дейді.
Халықаралық энергетика агенттігінің атқарушы директоры Фатих Бироль болса Давостағы экономикалық форумда былай деді: "БАғаның көтерілуіне байланысты АҚШ та өндіріс көлемі қайта жанданатын сияқты. БАрлық фактілер осыны көрсетеді. Баға өседі, АҚШ, бақса елдер де өндірісті арттырады, осылайша шикізат бағасына қайтадан қысым түседі. Бірде жоғары бірде төме болады. Біз мұнай бағасының құбылмалы балатын кезеңіне келе жатырмыз"
Сергей Смирновтың сөзінше, ОПЕК-тің шикізат өндірісін қысқарту туралы қысқа мерзімді жеңісі ұзақ мерзімді проблемаға айналуы мүмкін. 24 түрлі елдің арасында немесе басты мұнай өндіруші бес елдің арасындағы ынтымақты ұзақ мерзім ұстап тұру мүмкін емес. Сондықтан мұның бәріне жағдайды уақытша жақсарту деп қана қарауға болады.
Сауд Арабиясының энергетика министрі Халед бен Абдель Азиз аль-Фалехтің болжауынша, ОПЕК пен оған мүше емес елдер арасында болған келісім 2017 жылдың соңына дейін өз күшінде болуы екіталай. Алайда елдер өндіріс көлемін қысқарту келісімінен бас тартса нарықта қайтадан артық қалған мұнай көбейеді, тиісінше, баға да қайта төмендейді.
Сондай-ақ, АҚШ-тың стратегиялық мұнай резервін (SRP) қысқарту және 2017-2025 жылдары 190 млн баррель мұнайды сату туралы жоспары қара алтын бағасының төмендеуінің тағы бір себебі болуы мүмкін. Егер Трамптың шикізат өндірісін көбейту туралы ұсынысы жүзеге асатын болса және көмірсутек импорты азайса, бұл АҚШ үшін тиімді болады. Нәтижесінде ұсыныс сұраныстан көп болады. Ал мұның әсерінен ОПЕК пен басқа елдердің күші әлсірейді, нарықта қайта бөлінулер пайда болады. Көптеген елдер өндірістің жаңа нарығын іздей бастайды. Нарықты жаулау үшін демпингке жол беріледі. Салдарынан "баға соғысының" жаңа кезеңі басталады.
Мұнай бағасына әсер ететін факторлардың тағы бірі - АҚШ-тың Федералды резерв жүйесі. Өткен жылдың соңында ФРЖ базалық ставканы 0,5-0,75 пайызға көтерді. Осы жылы ұйым мөлшерлемені тағы да көтеруді жоспарлап отыр. Ал мөлшерлеме көтерілсе америкалық валюта қымбаттайтыны белгілі, доллармен белгілеген мұнай бағасы да көтеріледі. Ал бұл басқа валютамен есептесетін сатып алушылар үшін қымбат болады.
Сондықтан сұраныстың бәсеңдеуі бағаны қайта төмендетуі мүмкін. Bank of America Merrill Lynch баға 40 долларға дейін төмендейді деген болжам жасап отыр. Десек те 2017 жылдың басы мұнай бағасының көтерілуімен басталды. Ал Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша биыл мұнайдың бағасы 55 доллардан аспайды.