Маңғыстаудағы шағын бизнес жаңадан құрылған микроқаржы ұйымы арқылы қолжетімді несиеге ие болды
Ақтау. 31 наурыз. 7kun.kz - Маңғыстау облысының әкімдігі, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «АЛМЭКС» холдингтік топ» АҚ өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасасты. Құжатқа Маңғыстау облысы әкімінің міндетін атқарушы Сүйіндік Алдашев, ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, «АЛМЭКС» холдингтік топ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жомарт Нұрабаев қол қойды.
Маңғыстау облысының әкімдігі мен ҰКП арасында жасалған меморандумның аясында шағын кәсіпкерлер субъектілерін несиелеуге арналған микроқаржы ұйымы (МҚҰ) құрылды. МҚҰ халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, өндірісті қосымша ынталандыру және нарықты отандық тауар мен қызметтерге толтыру мақсатында жаңадан бастап жүрген кәсіпкерлерге өз бизнесін жүргізу үшін тәжірибе жинауға көмектесетін болады.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолжетімді микронесиелеу жобасын іске асыру үшін «ALMEX» инвестициялық қоры арқылы 300 млн теңге бөлді. Айта кетейік, ұсынылған қаражат тікелей Маңғыстау облысы халқының микронесиесін дамытуға бағытталады. 2015 жылдың қорытындысы бойынша аймақта 47 111 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қызмет етеді. Шағын және орта бизнестегі жұмыспен қамтылғандардың саны өткен жылмен салыстырғанда 105,3%-ға артып, 106,5 мың адамды құрады. Ал ШОБ субъектілерімен өндірілген тауар, жұмыс және қызмет көлемі 100,3%-ға артып, 498,8 млрд теңгені құрады.
"Біздің кәсіпкерлеріміз, әсіресе ауылдардағы, несиелік ресурстарға үлкен сұраныс тудырып отыр. Осыған орай, өңірдегі кәсіпкерлерге кеңес беру, тәжірибелік қызмет және қаржы көлемін кеңейту бойынша қажетті көмектерді көрсететін боламыз. Облыстық әкімшілік тарапынан микронесиелеуге 288 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылған", - деп атап өтті Маңғыстау облысы әкімінің міндетін атқарушы Сүйіндік Алдашев.
Микронесиелеу кәсіпкерлікті дамыту Картасына сәйкес жүзеге асырылады. Мұнай өндіретін кәсіпорындар қызметіне деген бағыныштылықты төмендетуге, соның ішінде, заңды тұлғаларға, шаруа (фермер) қожалықтарына, жеке кәсіпкерлер мен тұлғаларға, жеке қосалқы шаруашылықты жүргізушілерге бағытталған жобаларға артықшылық берілетін болады. Микронесиелеу ұйымы арқылы ресімделетін несие сомасы мерзімі 36 айға дейін болатын жылына 7%-дық өлшеммен 15 миллион теңгеге дейін беріледі.
Кепілдікке жылжымалы және жылжымайтын мүлік, жер телімдері, автокөлік және ауылшаруашылық техникасы, үй жануары, сондай-ақ, үшінші жақтың кепілдігі беріледі. Қарызды өтеудің икемді жүйесі де қарастырылған. Яғни, несие алушы несиенің сомасы мен мақсатына қарай ай сайын, тоқсан сайын, алты айда бір рет немесе жылына бір рет төлеуіне болады. Аталмыш несие алдыңғы несиені жабуға, тұрғын үй мен жер телімін алуға, сауда қызметімен айналысуға берілмейді.
Сонымен қатар, меморандумға қол қою барысында «Маңғыстау» кәсіпкерлерді қолдау орталығы» ЖШС жұмысының басталғандығы туралы хабарланды. Бұл Маңғыстау облысы әкімшілігі мен ҰКП арасындағы алғашқы сынамалы жоба. Орталықтың қызметі кәсіпкерлерге тәжірибе жүзінде және кеңес беру қызметтерін көрсетуге, сондай-ақ, инвесторларды тарту мен оларға қызмет көрсетуге бағытталатын болады.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024