Алматы. 18 қаңтар. 7kun.kz – Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов маңғыстаулық жас кәсіпкерлермен кездесті. Кездесуге келген 26 кәсіпкер өңір басшысымен ашық сұхбат жүргізіп, өз ойларын ортаға салды, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Маңғыстауда жас кәсіпкерлерді қолдау әрі жұмыстарын дамыту мақсатында Өңірлік кәсіпкерлер палатасы тарапынан бірқатар іс-шаралар атқарылып жатыр. 2018 жылы 13 жас кәсіпкер жалпы сомасы 6 млн 600 мың теңгені құрайтын 4 пайыздық несие алып, ісін өркендеткен. Ал, 6% несиемен ауыл шаруашылығын дамыту жобалары үшін 52 жас іскерге 220 млн 438 мың теңге көлемінде қаражат бөлінді. Осы бағытта жас кәсіпкерлер мал шаруашылығы мен жылыжай баптауға елеулі үлес қосып жатыр.
«Ең бастысы, кәсіппен айналысамын дегендерге мүмкіндіктер өте көп екенін айтқым келеді. Біз жастардың бизнес идеялары мен старт-ап жобаларын іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Ол үшін барлық мүмкіндіктер бар. Жаңа ғана айтып өткен «Нұр капитал», шағын несиелер, мұның барлығы ең әуелі жастар үшін! Бүгінгі таңда «Нұр Капитал» өңірлік бағдарламасы бойынша 1847 жаңа жұмыс орнын құрумен 3,4 млрд.теңге сомасына 193 жоба мақұлданды. Оның ішінде нақты 42 жоба іске қосылып, нәтижесінде 390 жаңа жұмыс орны құрылды (жалпы кредит соммасы 818,9 млн. теңге.). Жоғарыда атап өткен 193 жобаны ұсынған азаматтардың ішінде 30-ға жуығы жастар. Жас кәсіпкерлердің қауымдастығын құру бастамасы өте орынды деп есептеймін. Себебі, мұндай қауымдастық барлық бизнес идеялардың жүзеге асуына тікелей түрткі болады. Жастар жылы аясында жас кәсіпкерлер форумын ұйымдастыруды тапсырамын. Ол жәй форум емес, жастардың бизнестегі жолын ашып, бағдар беретін нәтижелі шара болуы тиіс. Ақтау қаласында «жас кәсіпкерлер аллеясын» ашу бастамасын қолдаймын», - деді Ералы Тоғжанов.
Кездесу барысында өңір басшысы жас кәсіпкерлердің ой-ұсыныстарын тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Жалғас Дәулетов өз кәсібін қалай бастағанын және қазір қандай деңгейге жеткенін жеткізді. Сонымен қатар, 40-қа жуық кәсіпкер мүше өңірлік кәсіпкерлер клубы туралы әңгімелеп берді. Клубтың басты мақсаты - кәсіпкерлікті дамыту және кәсіпкерлердің жеке дара қалыптасуына жол ашу, тәжірибе алмасу және коммуникациялар алмасу алаңын қалыптастыру деді.
«ACS» ЖШС коммерциялық директоры Сүгірбай Аят - Компания 2005 жылдан бері облыста құрылыс саласымен айналысып жатқаны жайында және бүгінде 27 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырғанын айтты.
Ким Алена Юрьевна - «Childrens club» балаларды дамыту орталығының директоры. Ол - Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында орталықтарын ашып, қазір 600-ден астам баланың білімін дамытуға, шығармашылығын шыңдап, мектепке даярлауға ат салысуда. 2016 жылы ашылған кәсіптің арқасында 25 адамды жұмыспен қамтасыз етіп келеді. Қайырымдылық ретінде айына 5 мүгедек баланы дамытуға қолдау көрсетеді.
Искаков Бауыржан - «UniTrade Aktau» ЖШС директоры. Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылында дистрибьюторлық қызмет пен тұрмыстық химиялық өнімдер өндіру кәсібімен айналысады. 2017 жылы құрылған бизнестің көмегімен 18 адамға тұрақты жұмыс көзін ұсынып отыр. Олар айына 3 тонна химиялық тауарларды сатылымға шығаруда. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасымен 40 млн тг несие алып, ісін өркендетіп отырғанын жеткізді.
Сондай-ақ, Мәдина Сақтағанова жас дизайнерлерді дайындау бойынша жұмыстар туралы сөз қозғаса, жол бойындағы қызмет көрсету орталығының директоры Әділет Сармурзин «Нұр-Капитал» бағдарламасы арқылы өз кәсібін жүргізіп жатқанын атап өтті. Кездесу кезінде жас кәсіпкерлер аллеясын құру туралы ұсыныс қолдау тапты.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024