Алматы. 4 шілде. 7kun.kz – 2018 жылдың маусым айында 8,7 млрд теңгеден астам сақтандыру жарнасы аударылды. Жалпы осы жүйе іске қосылғалы бергі бір жыл ішінде жеке кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер төлеген аударым сомасы 80,6 млрд теңгеден асып жығылған, деп хабарлайды Медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметі.
«Қаражаттың 72,1 млрд теңгесі (89,5% жуығы) жұмыс берушілердің қарамағындағы жұмыскерлері үшін жасаған аударымдары болса, қалған 8,5 млрд теңге (10,5% жуығы) - жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі. Аймақтық тұрғыдан алғанда, жарна төлеу жағынан Алматы және Астана қалалары мен Қарағанды облысы көш бастап тұр», - делінген баспасөз баянында.
Естеріңізге сала кетсек, жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады. Еліміздің бас банкімен қаржыны сенімгерлік басқару туралы келісім бекітілген. Түскен қаражат Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Қолданыстағы заң бойынша, әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде қызмет көрсету 2020 жылдан басталуы тиіс.