Мектептерде ағылшын тілі тек үшінші сыныптан бастап оқытылады – Білім министрі
Қазақстан. 6 маусым. 7kun.kz – Қазақстанда мектеп оқушылары бірінші сыныптан бастап бірден үш тілді меңгермейді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Nur.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.
Оның айтуынша, қазақ тілінде оқытатын мектептерде бірінші сыныптан бастап тек қазақ тілі, ал орыс тілінде оқытатын білім ордаларында қазақ және орыс тілдері ғана оқытылады.
«Зерттеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін, бірінші сынып оқушысына үш тілді қатар меңгеру қиын екенін көрдік. Бұл тиімсіз. Енді қазақ тілінде оқытатын мектептерде бірінші сыныпта бала бір ғана тілді – қазақ тілін меңгереді, яғни ол алдымен ана тілінде оқып, жазуды үйренеді. Екінші сыныпта бағдарламаға орыс тілі, ал үшінші сыныпта ағылшын тілі қосылды. Орыс тілінде оқытатын мектептерге келсек, онда бірінші сыныпта тиісінше орыс тілі мен мемлекеттік тіл, ал үшінші сыныптан бастап ағылшын тілі оқыталады», – деді министр.
Сондай-ақ, Білім министрлігінің басшысы биылдан бастап «Көркем еңбек» пәнін «Еңбек» және «Бейнелеу өнері» деген екі түрлі пәнге бөлу жоспарланып отырғанын айтты. 2024 жылдан бастап мектептерде «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні де екіге бөлініп оқыталын болады.