Астана. 20 қыркүйек. 7kun.kz – 2018 жылдан бастап 10 және 11 сынып оқушыларының оқу бағдарламасына «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні енгізіледі. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП өкілдері арнайы өткен баспасөз мәслихатында айтты.
«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша аптасына екі рет оқытылатын пән қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.
«Біздің басты мақсатымыз – кәсіпкерлік ойлауды мектеп қабырғасынан дамыту. Сүт қалай өңделетіндігі, сатылу бағасы мен тауар құнын есептеуді ауылдық ортада өскен бала білу қажет. Қазіргі таңда жастар ғаламтор мүмкіндіктерін кең ауқымда қолданады. Әлеуметтік желі арқылы өздері ұнататын кәсіпкерлер мен танымал тұлғалар әрдайым жастардың назарында. Пәнге деген қызығушылықты арттыру мақсатында тәжірибесі мол бизнесмендерді оқу барысына қатыстыру қажет деп есептейміз»,- деді ол.
Бағдарламаны жобалау тобының жетекшісі Ермек Дүйсенхановтың айтуынша пән бағдарламасын жасауда халықаралық бизнес мектептердің тәжірбиесін алған.
«Пән бағдарламасының 40 пайызы теориядан, 15 пайызы бизнес кейстен, 45 пайызы ойын түріндегі тәжірбиеден тұрады. Себебі кәсіпкерлік - іс-әрекет. Алғашқы тоқсанда 10 сынып оқушылары әлемдегі кәсіпкерлік, стартап мәдениет, заманауи стартап мәдениеті, кәсіпкерлік пен инновацияның жаңа тенденцияларымен танысады. Екінші тоқсанда салық, директор басқа да компания құрылымы және оның жұмысын біледі. Үшінші тоқсанда кәсіпкерліктегі бәсекелестік орта туралы өтіледі. Соңғы тоқсан 20 сабақтан тұрады. Бұл мерзімде топқа біріккен оқушылар өнімнің өзімен жұмыс істейтін болады» - деді жоба жетекшісі.
Кәсіпкерлік негіздеріне қатысты оқулық жазуға бизнесмендер мен осы саладағы сарапшылар да қатыса алады. Жобаның ұйымдастырушылары бизнес-қоғамдастықты қазірден бастап жұмыс барысына қатысып, ұсыныстар беруге шақырып отыр.
Айта кетейік, «Атамекен» ҰКП «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәнін әзірлеу жұмысының жобасын 2014 жылы бастаған болатын.
Айгүл Хожантаева
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024