Жуырда Ұлттық банк Қазақстанның банк секторын сауықтыру үшін 2 млрд теңге бөлінетінін хабарлаған. Қазақстанның қаржы және инвестиция нарығының мамандары аталған соманың көп бөлігі «Қазкоммерцбанктің» проблемалы активтерін сатып алуға жұмсалады деп болжап отыр.
Қазақстанның қаржы министрі Бақытжан Сұлтанов банктерді сауықтыруға кететін қосымша шығындарды республика бюджетіне қосуды ұсынып жатыр. 13 ақпанда министр парламент мәжілісінің отырысында 2017 жылы республикалық бюджетке енгізілген толықтыруларды таныстырды: қосымша шығын ретінде енгізілген 2,6 трлн теңгенің 2,1 трлн теңгесі банк секторын сауықтыруға жіберілетін болды.
Қаржыландыру бюджеттен және проблемалы кредиттер ұлттық қорынан алынады. Үкімет ұлттық қордан 1,5 трлн теңге аударып, дефициттің көлемін дәл сондай көлемдегі сомаға арттыруды жоспарлап отыр. Одан бұрын, Ұлттық банк төрағасының «2017-2019 жылдар арналған республикалық бюджет туралы» заңды таныстырған орынбасары банк секторын жақсарту үшін проблемалы кредиттер қорына 2 трлн теңге бөлінетінін хабарлаған.
Оның айтуынша, қор мен банктер серіктестігінің бір бағыты екінші деңгейлі банктерді ұзақ уақыт бойы қаржыландыру болады. Банк өкілі мұндай шаралар проблемалы активтермен жұмыс істеудің тиімділігін арттыру үшін жүргізілетінін айтады. Проблемалы кредиттер қорының акционерлері қатарында Ұлттық банк пен басымдыққа ие акциялар тиесілі мемлекеттік мүлік пен жекешелендіру комитеті бар. Қор екінші деңгейлі банктердің проблемалы кредиттерін сатып алып, банктен алған акцияларды басқарумен, сондай-ақ өз қызметін қаржыландыру үшін қарызға құнды қағаз шығарумен айналысады.
Ұлттық банктің 2017 жылғы қаңтардың 1-індегі дерегінше, екінші деңгейлі банктердің міндетті төлеу мерзімі 90 күннен асқан кредиттердің жалпы көлемі 1,04 трлн теңгені құрап, берілген барлық кредиттің 6,72 пайызын қамтыған.
Банк секторын сауықтыруға қатысты жаңалық сарапшылар арасында біраз талқы тудырды. BRB Invest компаниясының басқарма төрағасы Ғалым Құсайновтың пікірінше, банктерді сауықтыруға 2 трлн теңге бөлу – «біртүрлі» шешім. Маман «оның орнына нашар жұмыс істеп, мемлекетке экономикалық мәселелер тудырып отырған қаржы институттарын жабу керек», - деп пікір білдіреді.
«Үкімет 2017-2019 жылдар аралығында банктерді сауықтыру үшін 2 трлн теңге бөлгелі жатыр. Мерзімінен 90 күн өте төленбеген кредиттердің жалпы сомасы 1 трлн теңгеден астам қаржыны құрайды. Әдетте стресті активтер қоры проблемалы активтерді жеңілдікпен сатып алады. Менің ойымша, біздің жүйеде жеңілдік 50 пайыз шамасында. Бұл - өтелмей тұрған кредиттер 4 трлн теңгені құрайды деген сөз. Менің түсінбейтінім – Ұлттық банк проблемалы кредиттер көлемін 1 трлн деп көрсетеді де, мемлекеттен көмекке 2 трлн теңге сұрайды?», - дейді сарапшы.
Бірақ қаржыгер Расул Рысмамбетовтің мемлекеттің банктерге көмектесуіне қатысты ойы басқаша. Оның айтуынша, банктерде қанша жерден мәселе болғанымен, олар кәсіпкерлерге кредит бере алады.
«Жеке сектордағы компаниялардың 30 пайызы кредит алған және әлі кредитін төлеп жүр. Нан дүкені де, фермер де – бәрі кредит алған. Кредит болмаса қазір елдің ЖІӨ-сі қазіргі шамадан 30-35 пайызға аз болар еді. Егер қазір мемлекет 2 трлн теңге бермесе, зиянды банктерді кейін құтқаруға 45 трлн теңге жұмсауға тура келеді», - дейді ол.
«Ақша беру – мәселенің шешімі емес, - дейді сарапшы, - бақылауды күшейту керек, банктерде кәсіби менеджерлер болғанын талап ету керек, сондай-ақ, жеке тұлғалардың өзін банкрот деп жариялауын жеңілдету қажет».
Halyk Finance сарапшылары да қазіргі жағдайдағы проблемалы кредиттердің көлемі жоғары екенін алға тартып, Ұлттық банк пен Қазақстан үкіметінің бірлесіп жасаған жобасы банктер портфелінің біршама сауығуына әсерін тигізуі керек деп есептейтінін жеткізді. Алайда компания сарапшылары бұл жағдайда сауықтыруға бөлінген қаражаттың көп бөлігі активтері үлкен банктерге, оның ішінде «Қазкоммерцбанкке» - «Халық банкпен» бірігу үшін жүріп жатқан келісім аясында берілетінін айтады.
Sberbank Investment Research мамандары «Проблемалы кредиттер қорынан көмек алатын банктің аты әлі нақты айтылған жоқ. Бірақ, біздің пайымдауымызша, қазір көлемі 2,5 трлн теңгені құрайтын БТА банкінің Қазкоммерцбанктегі активтерінің тәуекелділігін азайту үшін көп қаржы сонда кетеді», - деп болжайды қаржыгерлер.
Сарапшылардың пікірінше, осылайша Қазақстан үкіметі Халық банкі мен Қазкоммерцбанктің бірігуіне кедергі келтіріп отырған басты кедергіні шешпек.
Жуырда ғана Халық банктің басқарма басшысы Үміт Шаяхметова «мемлекеттің көмегі артық етпейді» деген болатын. Осыған байланысты «Асыл-Инвест» сарапшылары қазір «Қазкоммерцбанк» портфелінде «БТА банкінің» проблемалы активтері көп екенін, олардың мәселесін шешпесе, екі банктің бірігуі Халық банкке кері әсер етіп, банк секторында тұрақсыздық орнайтынын айтады.
Мамандардың ақпаратынша, жалпы қарыз портфеліндегі «БТА-банктен» «қалған» проблемалы активтердің құны 3862 млрд теңгені құрайды. Активтердің сапасына қатысты мәселелер «Қазкоммерцбанкке» қарыз портфелінен түскен табыс есебінен байқалады. 2016 жылдың 9 айын қамтыған «Қазкоммерцбанк» есебі бойынша, қарыз портфелі бойынша түскен жалпы табыс пен таза табыс арасындағы айырмашылық 62,5 пайызды құраған. Салыстыру үшін айтайық, Халық банкте мұндай көрсеткіш 13 пайызды құрайды.
Естеріңізде болса, осы жылғы ақпанның басында Данияр Ақышев банк секторын сауықтыруға кірісетін мәлемдеген. Ұлттық банк төрағасы банктер үшін секторды сауықтыру процесі жағымсыз аяқталуы мүмкін екенін айтып, мұны акционерлер тарапынан қосымша қаражат жұмсауын немесе басқа ойыншылармен бірігуіне тура келетінімен түсіндірген.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024