Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – 100 нақты қадамы» қоғамға қозғау салды. Әр қадамы әр саланың жүгін көтеріп тұрған бағдарламаның жүзеге асуы да көңілге қонымды. Әсіресе, «100 қадамның» көшін бастап тұрған кәсіби мемлекеттік аппарат құру мәселесі қашанда өзекті. Яғни, бүгінде мемлекеттік қызметке қабылдау ресімдері жаңарып, тиісті деңгейде пайдаланылып жүр.
Еліміз өз Тәуелсіздігін алған күннен бастап, еркін дамудың жолын іздеді. Тәуелсіз ел ретінде өзінің стратегиялық өркендеу жолын дәл анықтап, қысқа уақыт аралығында Қазақстан әлем елдерінің арасында дамыған мемлекеттер қатарына қосылды да, енді озық кеткен отыз елдің ортасынан өз орнын иемденуді межелеп отыр. «Қазақстан қоғамы өзгерістерге кезең-кезеңмен бейімделіп келеді. Бұл бізге ішкі қарама-қайшылықтардың ушығуға ұрынбай, саяси тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды фактор», – деген Мемлекет басшысы қоғамның ішкі тұтастығына айрықша мән бере отырып, мемлекеттік қызметтің мәні мен маңызы, оны осы заман талаптарына сай жетілдіру мәселесін де айрықша атап көрсеткен еді. Мемлекеттік қызметтегі адам мемлекет пен халық мүддесінің алдында тікелей жауапты болуы тиіс. Бұл – басты талап.
Жауапкершілік болған жағдайда ғана заң мемлекетке қызмет етіп, мемлекет пен халықты біріктіреді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халықтық бес реформасының мазмұны, бағдары тап осы бағытқа – ашық және халыққа есеп беруші мемлекетті қалыптастыру, мемлекет қызметін осы жолға бейімдеуге бағытталып отыр. Елбасы жоғары деңгейдегі мемлекеттік басқарудың бұл ережесін әлем елдерінің тәжірибелерін сараптау негізінде ұсынғаны белгілі. «Көптеген елдердің тәжірибесі, – деді Елбасы өзінің халықтық реформасында, – «Әуелі – күшті мемлекет және экономика, содан кейін саясат» қағидатының бұзылуы апаттарға алып келіп, қоғамды «сындыратынын» көрсетіп отыр».
Ашық және халыққа есеп беруші мемлекет дегеніміз – мемлекеттің ішкі тұрақтылығын, ішкі тұтастығын қамтамасыз етуге бағытталған, мемлекет қызметін және оның даму тетіктерін, даму бағдарын анықтап, мемлекетті басқаруда халықтың саяси санасын мемлекетпен біріктіре білетін билік түрі. Елбасының мемлекеттік басқаруға байланысты ұсынып отырған реформасы бойынша ашық және халыққа есеп беруші мемлекет қызметі мынадай деңгейлерді қалыптастырып, біріктіріп отыруы тиіс. Олар біріншіден, мемлекет билігіндегі әрбір адам өз қызметінің атқарған жұмыстарының нәтижелері туралы айқын түрде халыққа есеп беруі тиіс. Екіншіден, мемлекет қызметіндегі әр басшының басқарушылық қабілеті, тәжірибесі, білім-білігі қоғам өмірінде ашық түрде көрінуі тиіс. Үшіншіден, мемлекет қызметіндегі басшының басқару қабілеті, кәсіби деңгейі халықтық таңдау, қоғам дамуының талабы арқылы дараланып отырады. Реформада аталған бұл ереже мемлекет саясатын, мемлекеттік басқарудың тәжірибелерін ғана емес, басқарушы тұлғалардың кәсіби деңгейдегі бәсекелестігін, халықтың таңдауы мен қоғамның болашағына деген сенімін нығайтады. Мемлекет қызметін кәсіби деңгейде басқаруда басшылық құрам өкілдеріне қажет нәрсе – тиянақты идея, нақты жоспар, дұрыс шешім.
Қабылданған қадамдарға сай жаңа заңдар қабылдау, қолданыстағы «Мемлекеттік қызмет туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңдар мен Еңбек кодексіне, тағы да басқа да біраз заңдарға өзгеріс енгізу, оны тиянақтап, Президент қойып отырған талаптарға сай ету де өте ауқымды іс. Елбасы мемлекеттік қызмет тақырыбын өзі жариялаған бес реформаның ең біріншісі етіп тектен-тек қойып отырған жоқ. Оны жүзеге асырудағы жасалатын 100 қадамның да алғашқы 15 қадамы кәсіби мемлекеттік аппарат құруға арналған. Өйткені, мемлекетіміздегі реформалардың іске асуы, басқару жүйесінің тұтастығы, кәсіпкерліктің дамуы, ел әлеуетінің артуы да мемлекеттік аппараттың, ондағы қызметкерлердің жұмысына, кәсіби шеберлігіне, ұлтжандылығына тікелей байланысты. Реформалар сапында көрсетілген заңның үстемдігін қамтамасыз ету де, елдегі индустрияландыру мен экономикалық өсімді қамтамасыз ету де, ынтымақ пен бірлік те, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру да кадрларға, мемлекеттік аппарат жүйесіне, соған қатысы бар мемлекеттік органдардың біліктілігі мен пәрменділігіне, ондағы қызметкерлердің сана-сезіміне келіп тіреледі.
«Нұр Отан» партиясының XVI съезінде Н.Ә. Назарбаев маңызды мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың түрлі деңгейлердегі жекелеген шенеуніктердің біліксіздігінен «зардап шегіп» жатқанын баса айтты. Бүгінгі әкімшілік мемлекеттік қызметтің саяси деңгейге тәуелді екенін, бұл, тіпті, ешқандай саясатсыз кәсіби басқару қажет болған кездің өзінде де шешім қабылдауды саясаттандыратынын, мемлекеттік аппараттағы жиі кездесетін белгілі бір қамқоршының патронаты тамыр-таныстықты туындатып, жемқорлық үшін жағдайлар туғызатынын, кадрлық әлеуетті төмендететіндігін тілге тиек етті.
1-қадамды жүзеге асыру барысында мемлекеттік қызметке кіру тәртібін жаңартқан мемлекеттік қызметтің мансап үлгісі енгізілді. Қазір мемлекеттік қызметке бірінші рет қабылданатын және жұмыс тәжірибесі жоқ үміткерлер жалпы кәсіби жарыстарда өздерінің кәсіби қызметін бастады. Былтыр мемлекеттік қызметтің бастапқы деңгейіне 5 456 адам кірді, соның ішінде жергілікті атқарушы органдарда – 2 888, орталық мемлекеттік органдарда – 2666 адам. 2-қадамды жүзеге асыру кезінде құзыреттіліктерге қатысты тіркеу заңды түрде бекітіледі. Осы мақсатта жеке қасиеттерді бағалаудың автоматтандырылған жүйесі енгізілді. Өткен жылы жеке қасиеттерді бағалау 14975 адамды құрады. 3-қадамға сәйкес «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заң үш кезеңді таңдау жүйесін енгізді: мемлекеттік қызметке қабылдау үшін кандидаттар заңнаманы білуге, жеке қасиеттерді бағалауға, сондай-ақ, профильді білімге арналған мемлекеттік органға сұхбат беру.
Мемлекеттік қызметкерлерді оқытудың бірыңғай жүйесін құру шеңберінде Алматы қаласы, Алматы және Маңғыстау облыстарында Академия филиалдары құрылды. Ұлттық жоспардың қадамын орындау шеңберінде «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерін бағалау жүргізілді, бұл қазіргі заманғы мемлекеттік аппаратты қалыптастыру бойынша бірінші институционалдық реформаның логикалық жалғасы болды.
Бүгінде 1-қадам Алматы облысында да сәтті жүзеге асуда. Жергілікті билік мемлекеттік қызметке орналасқысы келетіндерге талап пен міндетті күшейте түскен. Алматы облысы әкімі Амандық Баталов бұл жайында түрлі басқосулар мен жиындарда кеңінен айтып та жүр. Кез келген мемлекеттік қызметкер кәсіби деңгей мен қабілетке ие болу керек. Сондықтан да «А» және «Б» корпусына қажетті мемлекеттік қызметкерлерді арнайы аттестациядан өткізіп, резервке қою жұмысы жанданып келеді. Себебі мемлекеттік қызметке орналасу және онда жұмыс істеу жеңіл әрі оңай дейтін пікір қалыптасып кеткен. Осындай кереғар пікірлерді болдырмау үшін кез келген мемлекеттік қызметкер өз қызметіне жауапкершілік тұрғыдан қарауы ләзім. Қазір мемлекеттік қызметке орналасушылардың көбі – жастар. Жаңаша ойлайтын, тың идеяға бай жастар қоғамды ілгерілетуші күш. Әсіресе, «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде білімін жетілдіріп келген жастарға жиған-тергенін іс барысында көрсетуі үшін мүмкіндік берген жөн. Бұл тұрғыда Алматы облысы әкімдігі жастарға қолдау көрсетуде.
Биыл Алматы облысында Мемлекеттік басқару академиясының филиалы ашылды. Мемлекеттің қолдауымен облыс орталығында ашылып отырған академия филиалы – өңірдің мемлекеттік қызметшілері үшін тамаша мүмкіндік. Алдағы уақытта мұнда білімі мен кәсіби біліктілігін жетілдірген мемлекеттік қызметшілер облыс экономикасын одан әрі дамытуға септігін тигізбек. Соның ішінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және онымен күрес жұмыстарының нәтижелері, халық алдындағы есептілік, мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру, жалпы саланы цифрландыру туралы мәселелер маңызды. Әсіресе ең алдымен мемлекеттік қызметшілердің өзі электронды үкімет порталы арқылы жұмыс істеп үйренуі керек. Соңғы уақытта Алматы облысында электронды форматта мемлекеттік қызмет көрсету көрсеткіші артып келеді. Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашев Елбасының мемлекеттік аппаратты жаңғырту мәселесіне ерекше назар аударып отырғанын айтады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруға, мемлекеттік қызметшілердің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасауға ықпал ететінін айтты. «Мемлекеттік қызмет – бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Елбасы өзінің «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында алдымызға «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» міндетін қойды. Бұл орайда мемлекеттік қызметкердің біліктілігі мен кәсіби деңгейі туралы тақырыптың басты мәселе ретінде көрсетілуі тегін емес. Әрбір саланың жетістігі, алдағы экономикалық өсім, индустрияландыру саясатының тиімділігі, халықтың әл-ауқаты, жалпы алғанда, елдің даму деңгейі сауатты да кәсіби басқарушылыққа тікелей байланысты», – деді.
Биыл жылы облыста 1200 мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру курстары жоспарланып, оның 927-сі оқу курстарын аяқтаған. Сонымен қатар, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өседі. Биыл 4 мемлекеттік орган қызметшілеріне пилоттық жоба шеңберінде жалақы төленді. Оның факторлы балдық шкала негізіндегі белгіленген бөлігі бонустардан тұрады», – дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Өрікбайұлы.
Елімізде білімді де білікті мемлекеттік қызметкер көбейді. Былтыр мансаптық сатыда көтерілген азаматтардың саны 8 мыңға жуықтады. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова осылай деді. Елбасының «100 нақты қадамының» алғашқы бағыты мемлекеттік қызметке тамыр-таныссыз орналасуды меңзейді. 2016 жылға дейін дипломын қолына енді алған тәжірибесі жоқ кандидаттар тіпті жетекшілік лауазымдарға да үмітті болған. Қазір оларда мұндай мүмкіндік жоқ. Бүгінде Ұлт жоспарының бірінші бағытында көрсетілген 15 міндеттің 11-і толықтай жүзеге асты. ҚР МҚІСЖҚА төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова: «Реформа мемлекеттік қызметті жетілдіруден басталды. Осыған қатысты заңнама түбегейлі өзгертілді. Қазір оң нәтиже байқалады. Бүгінде бір бос орынға үмітті азаматтардың саны екі есе өсіп отыр. Мемлекеттік қызметкерлерді көбіне Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі, Сыртқы істер, Инвестициялар және даму, Білім және ғылым, Дін істері және азаматтық қоғам министрліктері қызықтырады», – дейді ол.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024