Бір кездері басымдағы бірнеше несие менің ең күрделі бас ауруым болатын. Өмірден түңіліп, тіпті өлгім келетін. Гуглдан өлімнің тез әрі оңай жолын іздестіргенім де өтірік емес.
Әрине, «әлін білмеген - әлек, төлей алмаса, несіне бірнеше несие алып жүр» дерсіз. Көтере алмайтын шоқпарды беліне байлайтын ақымақ емеспін. Оның үстіне кез келген адам несиені кейін қайтармай қоя саламын деп алмайтыны белгілі. Қайтарамын деп алдым және сенімді болдым. Бірақ, тағдырдың сыйын ешкім нақты болжап біле алмаған ғой. Маңыздысы ол емес, маңыздысы - осындай қиын кезеңге материалдық қана емес, психологиялық тұрғыдан да қарап көру. Ол ешқашан артық болмайды дер едім.
Сонымен мен несиелерімді төлей алмай қалдым. Қарызым көбейген үстіне көбейе берді. Оның үстіне банк пен соттан хаттар тоқтаусыз келіп жатты. Олардың телефон қоңыраулары мені ғана емес, туысқандарымды да мезі етті. Күн сайын пошта жәшігінің жанынан өтіп бара жатып, автоматты түрде жүрегім дүрсілдеп банктен келген хатты іздейтін болдым. Түнімен осыны уайымдап шығатынмын. Таңертең қарыздарымды ойлап оянамын. Қарыздарым мен оған қатысты мәселелер турасын айтқанда – менің өмірімнің бір бөлігіне айналды. Енді бұған қатты назар аудара берсем, шынымен өмір салтыма айналып кететінін түсіндім. Содан берешектерім туралы ойламауға шешім қабылдадым және несие алғанға дейін қалай өмір сүрдім, солай өмір сүре бастадым. Санамнан қарыз туралы ойды жойып тастадым. Мына қызықты қараңыз, банктер де солай жасаған секілді. Өйткені қоңыраулар мен хаттар легі сап тыйылды. Осындай тыныштықта бірнеше ай өтті. Содан сәті келіп қарыздарымнан құтылуға, ай сайын толық көлемде төлеуге мүмкіндік те туды. Кейін бәрін жаптым. Сөз соңында айтарым, назарыңыз бен мәселелеріңіз қаншалықты байланысты екендігін түсініп көріңіз. Қарыз қажытып, еңсеңізді түсіруге мүмкіндік бермеңіз. Ойыңызды позитивті өзгерістерге аударуға тырысыңыз. Қайғыны қаузай беріп, үсті-үстіне қайғы жамап аласыз. Жақсы ой жақсылыққа жетелейді. Интернетте қарыздан құтылудың түрлі ритуалдары бар. Тым болмаса, соны да істеп көріңіз. Іске сәт!
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024