Алматы. 10 маусым. 7kun.kz — 2019 жылдың 7-9 маусымы аралығында Германия Федеративтік Республикасының Мюнхен қаласында Қазақтардың кіші құрылтайы өтті.
Жыл сайын бұл іс-шара этникалық қазақтар көп тұратын елдерде өткізіледі. Қазіргі уақытта Германияда Еуропадағы ең көп қазақ диаспорасы – 3 мың адам (шамамен 250 отбасы) тұрады.
Құрылтайдың негізгі мақсаты – мәдени-гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық жобалар негізінде қазақ диаспорасының өкілдерін біріктіру.
Кіші құрылтайдың жұмысына қазақ диаспорасының 100-ден астам өкілі, сондай-ақ, қазақстандық мәдениет қайраткерлері, кәсіпкерлер, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының белсенділері, «Отандастар» қоры мен Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мамандары мен сарапшылары қатысты.
Қазақтардың кіші құрылтайының негізгі тақырыбы - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының және «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының ережелері контекстінде ынтымақтастықты дамыту.
Іс-шара шеңберінде әлемнің түрлі елдеріндегі қазақ диаспорасының ынтымақтастығын дамытудың өзекті мәселелері, «Отандастар» қоры мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы бастамашылық еткен бірлескен бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыру жолдары талқыланды.
Құрылтайдың спикерлері қатарында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, «Отандастар қорының» вице-президенті Мағауия Сарбасов, Европадағы Қазақ қауымдастықтарының және Швецияда Қазақ қауымдастығының төрағасы Мұрат Ермиш сөз сөйледі.
Зауытбек Қауысбекұлы өзінің баяндамасында аталмыш шараның қазақ ұлтының бірлігін нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті.
«Қандастарымыз Елбасының «Отандастар Қорын» құру туралы ұсынысына үміт артып, қолдау білдірді. Міне соның нәтижесінде біз бүгін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар қоры» КЕАҚ бірлескен жұмыстарының нәтижесі жайлы айта аламыз. Шет елдерде тұратын қазақ диаспоралары өкілдерінің өтініштеріне байланысты Ұлттық орталықтарды музыка аспаптарымен, қолөнер бұйымдарымен, ұлттық киіммен қамтамасыз ету мәселесіне орай, біз «Дәстүрлі қоржын» атты кең ауқымдағы жобаны жүзеге асырмақпыз", - деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары.
Оның хабарлауынша, шет елдердегі отандастарымызды қолдау үшін ҚР Үкіметі жанынан ведомствоаралық комиссия құрылады. «Қазақ картасын» енгізу туралы ұсыныс қоғам тарапынан қолдауға ие болды.
"Бүгінгі Еуропа жерінде өткізіліп отырған Кіші Құрылтай ұлттық «Рухани Жаңғыру» бағдарламасына өзіндік үлес қосады деп сенемін. Бұл әлемдік қауымдастыққа қазақ ұлтының бірлігін және Қазақстан Республикасының шет елдерде тұратын қазақ диаспораларына ерекше қолдауы мен қамқорлығын көрсетеді», - деп толықтырды Зауытбек Тұрысбеков.
Айта кетейік, күн тәртібіндегі басты мәселелер қатарында – шетелде тұратын отандастарды қолдау үшін нормативтік базаны жетілдіру, білім беру, туристік бағдарламаларды іске асыру, қазақ тілін дамыту, байланыс орнату және бизнес-жобаларды іске қосу болды.
Құрылтайдың алғашқы күні Швецияда, Ұлыбританияда, Германияда, Францияда, Данияда, Нидерландыда, Австрияда және Бельгияда жұмыс істейтін қазақ мәдени орталықтарымен «Отандастар» қорының ынтымақтастығы мен әріптестігін дамыту туралы екі жақты меморандумдарға қол қойылды.
Осылайша, құрылтай шеңберінде «Қазақ үйі» - ортақ брендімен әлемнің түрлі елдерінде жұмыс істейтін барлық қазақ мәдени орталықтарының бірыңғай базасында біріктіруге бағытталған жоба бастау алды.
Кіші құрылтай шеңберінде алғаш рет отандық және шетелдік кәсіпкерлердің қатысуымен бизнес-форум өтті. Іс-шара барысында Еуропадағы қазақ диаспорасының өкілдеріне бизнес-бастамаларды қолдау және жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылды. Бизнес-форум шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың түрлі салаларында тәжірибе алмасуға, Қазақстан, Германия және Еуропа мен Азияның басқа да елдерінің кәсіпкерлері арасындағы байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік беретін үлкен алаңға айналды.
Бұдан басқа, құрылтайға қатысушылар жолдастық футбол ойындарын өткізіп, қазақстандық жоғары ЖОО білім беру көрмесімен таныса алды. Көрме аясында Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқу мүмкіндіктері ұсынылып, шетелдік университеттермен ынтымақтастық жобалары ұсынылды.
Жалпы, Қазақтардың кіші құрылтайын өткізу жаңа серіктестерді іздеу, іскерлік және гуманитарлық байланыстар орнату, шетелдік қоғамдастыққа Қазақстан Республикасының түрлі салаларындағы мүмкіндіктерін көрсету үшін тиімді алаңды қамтамасыз етті деуге болады.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024