Мобильді аударымдарды тексеру жүйесі 2023 жылдан бастап біртіндеп енгізіледі – Қаржы министрлігі
Астана. 21 желтоқсан. 7kun.kz – Мобильді аударымдарды тексеру жүйесі кезең-кезеңімен енгізіледі. Бұл туралы Қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Данияр Жанәлінов айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.
Ол заң бойынша мобильді аударымдар туралы барлық ақпарат мемлекеттік кірістер комитетіне түсетінін айтты.
«Мобильді аударымдар туралы ақпарат заңнамада белгіленген нормаларға сәйкес алынады. Бұл жеке тұлғалар арасындағы мобильді аударымдардың бәрі емес. Белгілі бір критерийлер бар – айына 100 және одан да көп аударымдар. Бұл жағдай үш ай қатарынан қайталануы керек. Сонда бұл ақпарат бізге келе бастайды. Бұл шарттарсыз аударымдар туралы ақпарат ешқандай жолмен алынбайды», – деді Жанәлінов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Мәлімет кезең-кезеңімен түсе бастайды. Бірінші кезең 2023 жылы басталады. Алдымен мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайларына түскен мобильді аударымдардың артық көлемі бақылауға алынады.
«Екінші кезеңде квазимемлекеттік сала қызметкерлері ілігеді. 2025 жылда үшінші кезең басталады. Ол кезде жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдары бақыланса, 2026 жылдан бастап барлық азаматтың 100-ден асқан және үш ай қатарынан қайталанған аударымдары туралы мәлімет комитеттің қарауына түседі», – деді комитет басшысы.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024