МҚІА төрағасы мемлекеттік кызметтегі адами ресурсқа тән басты бес ерекшелік туралы айтты
Астана. 9 желтоқсан. 7kun.kz – Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен Астана мемлекеттік қызмет хабының қолдауымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясында «Мемлекеттік қызметтегі HR: персоналды стратегиялық басқаруға көшу» HR форумы өтті. Бұл туралы ҚР МҚІА баспасөз қызметі хабарлады.
ҚР МҚІА төрағасы Дархан Жазықбаевтың «Мемлекеттік қызметтегі HR: персоналды стратегиялық басқаруға көшу» HR форумында сөйлеген сөзінен:
Қазіргі заманда, адамзат баласының өміріндегі қалыптасып отырған түрлі сын-қатерлер, тәуекелдер ілгерілеудің негізгі тетігі адамның өз қолында екендігін ұқтырып отыр. Сондықтанда адами капитал бүгінгі күні ең маңызды сұрақтардың біріне айналуда. Адами капитал – қоғам дамуының негізгі факторы. «Адами капитал» және «адами ресурс» ұғымдары өзара байланысты. Адами капитал – бұл адамның іс әрекетінде қолдана алатын білімі, қарым-қабілеті, сапалы кәсіби дағдылары болса, Адами ресурс – бұл өнімділікті, еңбек тиімділігін арттыру үшін қолдануға болатын адамдардың әлеуеті. Сондықтан Эйчар менеджер – бұл ұжымды басқарушы ғана емес, ол адам ресурсымен жұмыс істейтін, ең алдымен адамдардың әлеуетін еңбек өнімділігін арттыруға тиімді бағыттаушы маман.
Қажетті мамандарды ынталандыратын, бағалайтын және іздеуші адам. Осы орайда, мемлекеттік аппараттағы басшылық лауазымдағы барлық қызметкерлер алдағы уақытта жаппай эйчар менеджерлерге айналуы қажет. Адами ресурс көп қырлы және ерекше, өйткені әр адам қайталанбайтын қарым-қабілетке ие. Сондықтан әрбір әлеуетті персонал құнды.
«Адами ресурстың өзге ресурстардан (қаржылық, ақпараттық, технологиялық) басты ерекшеліктері:
Біріншіден, басқа ресурстар тек белгілі бір мақсатқа жетуге арналатын болса, адам сол мақсатты қоя алады, оның не үшін қажеттілігін таниды.
Екіншіден, адам бастамашылық жасап белсенділік таныта алады. Адами ресурстардың белсенділігі мен бастамашылдығын сауатты басқару арқылы қызметте қажет бағытқа бағыттап отыру маңызды.
Үшіншіден, Адами ресурста өзгеріске бейімделу мүмкіндігі бар. Яғни, өзінің жеке қасиеттері мен мінез-құлқын түзетуге қабілетті. Қызметшілердің өзін-өзі дамытуға, білімін арттыруға, тәжірибе жинақтап, кәсіби жетіліп отыруға әрдайым мүмкіндігі бар. Яғни уақыт талабы мен жаңа өмір шындығына икемделе алады.
Төртіншіден, Адами ресурс сыртқы теріс ықпалдарға қарсы тұру қабілетіне ие. Кез-келген сыртқы әсер етуші факторды бағалап, оны заңнамаға, қалыптасқан жағдайға сәйкес зерделеп, оң шешім қабылдауға ықпал етеді.
Адамның кәсіби қарым-қабілетіне қарай еңбек өнімділігін арттыру мақсатында, оны дұрыс бағыттай білу – эйчар менеджерлердің басты міндеті.
Бесіншіден, Адами ресурстардың құндылығы жаңа білім, тәжірибе, біліктілікті жетілдіру арқылы үнемі артып отырады. Мұндай ресурстың иесі өзінің қабілеттерін еңбек нарығында жоғары бағамен ұсына алады».
Жоғарыда айтылған ерекшеліктер мемлекеттік кызметтегі адами ресурсқа (HR) тән басты белгілер болуы керек.
«Әрбір адам ресурсы қайталанбас, күрделі, үнемі жетіліп отыруға қабілетті болуымен басқа ресурстардан түбегейлі ерекшеленеді. Сондықтанда бүгінгі күні эйчар – даму мен ілгерілеудің негізгі кілті ретінде әлемдік маңызды тенденцияға айналып отыр. Ең бастысы, оның кез-келген жағдайда оң нәтижеге қол жеткізуге икемді болуы, мақсатты жүзеге асыруда өзгерістерді қабылдап, әрі қарай шешім қабылдай білуі маңызды».
«Адамға бағдарланған» мемлекеттік басқару моделінің басты ерекшелігін екі қырынан түсіну қажет. Біріншісі – мемлекеттік қызметті жүзеге асыруда клиентке бағдарланып, сервистік сипатта болу. Екінші қыры – басқарудағы адами ресурсқа айрықша мән беру, кадрлық әлеуетті жетілдіру».
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024