Белгілі қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан Кеген ауданындағы шаруалардың проблемасын көтеріп, ұлттық қозғалыс ашатынын жариялады.
«Алматы облысы, Алғабас деген ауылға ат басын бұрдым (Кеген жақ). Жергілікті халық тағы жайылымсыз қиналып отыр. Сол ауылда жалпы ұлттық қозғалысты ашатынымызды жариялаймын», деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Айта кетейік, Кеген Алматы облысындағы жер мәселесі күйіп тұрған ауданның бірі. Мұхтар Тайжан жазған Алғабас, одан бөлек Ақсай, Қарқара ауылдарының тұрғындары дабыл қаққалы біраз болды. Шаруалар жерлерін сырттан келген инвесторлар алып қойғанын, қалған жерді әкімдік өз таныстарына бергенін айтып, біздің редакцияға бірнеше рет хабарласты.
Мәселесі әлі күнге дейін шешілмеген шаруалар малды Ақсай, Қарқара ауылдарынан 100 шақырым жердегі Көкпек жазығына апарып бағуға мәжбүр. Бұл мәселеден аудан басшылығы да хабардар, бірақ мәселеге мән бермей отырғанға ұқсайды. Бұл туралы БАҚ-ы бірнеше рет жазып, айтты да. Бұған біз де үн қостық. Бірақ Кегенде Президенттің «еститін мемлекетіне» пысқырмайтын да сияқты. Соңғы рет жариялаған «Алматы облысында қоғаммен де, БАҚ-пен де байланыс жоқ, халықтың шағымы жауапсыз қалады» деген мақалада Кеген ауданындағы жер мәселесін тағы да атап өткен едік. Алайда тағы да үнсіздік.
Шаруалардың мәселесі де шешілген жоқ. Тіпті шешуге талпыныс та байқалмайды. Ең өзекті жер мәселесін шешіп, халықпен кездесіп, бірге отырып талқылауға құлықсыз әкім-қаралар той-концерттен қалмайтын көрінеді. Аудан әкімі Талғат Баеділов өткен аптада қазіргі эпидахуалға қарамастан Саты ауылындағы мектеп түлектерінің 20 жылдығына арналған концертке қатысып, сөз сөйлеп, би билеп қайтыпты.
coronavirus2020.kz сайтындағы бүгінгі дерекке сүйенсек, Кеген соңғы аптада ковид жұқтыру көрсеткіші жағынан басқа аудандардан алда тұр. Дәйек үшін келтіре кетейік, Балқаш – 0,5%, Ескелді – 0,2%, Жамбыл – 0,2%, Іле – 0,4%, Қарасай – 0,3%, Қаратал – 0,4%, Көксу– 0,2%, Райымбек – 0,8%, Сарқан – 0,2%, Талғар – 0,3%, Кеген – 1,5%. Тіпті ірі қала Талдықорғанның өзінде өткен аптадағы өсім – 0,2%-ақ.
Әкім мырза, қазір көңіл көтеретін кез бе? Аудан тұрғындарына концерт емес, жер, жайылым, қуаңшылық басталса жем-шөп мәселесін шешу керек.
Айта кетейік, бұл аудандағы жер мәселесі бүгін ғана пайда болған жоқ. Жылдар бойы қордаланып келген көп мәселенің бірі. 2020 жылы аудан әкімінің орынбасары басқарған комиссия конкурс арқылы жерді өздері мен туыстарына бөліп беріп, шу шыққан. Алайда ешкім жазаланбаған, комиссияның қорытындысының күші ғана жойылған. Жақында дәл осы жер комиссиясының отырысы өтіп, жерді тағы да бірнеше шенеунік пен туыстары алыпты-мыс. Аудан басшылары оны жоққа шығарамыз десе, мінбер ұсынуға дайынбыз.
Аудандағы жердің біразы сырттан барған ірі компанияларға жекеменшікке сатылып кеткен. Олардың бірі Бөлексаз ауылында сиыр фермасын салып, биыл одан да шу шықты. Ол ферманың баққан малы аурудан өліп, онысы сиырға жұға ма деп қорыққан халық, журналистерді шақырып шу шығарған еді. «Оған қоста жазда ауыл сасып кетеді», дейді жергілікті халық. Алайда мәселе шешілген жоқ, аудан әкімі Талғат Баеділов жиынға барған журналистер мен халықты «көктемде шешеміз» , деп шығарып салды. Сол күйі бұл мәселе жылы жабылып қойғанға ұқсайды. «Жер болмаса мал бағудан пайда жоқ, бәрін сатып, мемлекетке алақан жаятындар қатарына қосылатын сияқтымыз», деген жақында хабарласқан кегендік азамат.
Ауданға арнайы барған қоғам қайраткері бұл мәселені қолға алатын сияқты.
«Жерімізді шетелдіктерге бергізбедік, енді латифундистерден босатып қарапапайым халыққа қол жетімді қылуымыз қажет! Заңға қол қойылды, енді құқықтық негіз бар. Жердің қызығын жергілікті халық қөру керек, әйтпесе ата-бабаларымыз ғасырлар бойы не үшін қан төкті? Блатной латифундистер үшін емес қой! Ұрпақ бақытты болады армандап соғысқан! Бізді құтқаратын өзіміз ғана - ынтымақтастық керек! Бар ауыл - бір ауыл!», деп жазды Мұхтар Тайжан.
Сонымен қатар ол ауылда жағдай өте қиын екенін, шөптің шықпай қалғанын, үкімет тез арада төтенше жағдай жариялап, мал азығымен қамтитын штаб құруды қолға алу керегін айтып отыр.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024