Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Нәтиже: «Бәйтерек» Холдингі 270 млрд теңгенің жобаларын қаржыландырды

Нәтиже: «Бәйтерек» Холдингі 270 млрд теңгенің жобаларын қаржыландырды

Алматы.15 қыркүйек. 7kun.kz -  «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі Мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында ірі бизнесті Қазақстан даму банкі арқылы қолдауды жалғастырады. Бұл туралы 7kun.kz сауалына Ұлттық компания жолдаған жауапта айтылды.

2015-2017 жылдар аралығында Қазақстан даму банкі 270 млрд теңгеге өңдеу өнеркәсібі мен өндіріс инфрақұрылымындағы 14 ірі инвестициялық жобасын қаржыландырған. МИИДБ жобаларын қолдау мақсатында Холдинг бұған дейін Ұлттық қордан бөлінген 75 млрд теңгеге қосымша 150 млн теңгеге қаржы көзін тарту жөнінде міндеттеме алды.

Мысал ретінде Ақтөбедегі экспортқа  өнім шығарады деп көзделген рельс зауыты құрылысын айтуға болады. Бұл жобаға Холдинг тарапынан МИИДБ аясында шамамен 60 млрд теңге бөлінген. Іске қосылған кешен теміржолға арнап термокүшейтілген ұзын рельс  шығаратын Еуразия экономикалық одақ аумағындағы жалғыз зауыт.

Былтыр жыл соңында Шымкентте «А» санатты көлік-лигистикалық орталығы ашылды. Орталық жылына 600 мың тонна жүк өткізеді деп жоспарланған. Бұл жобаға Холдинг  тарапынан 11,8 млрд теңге қолдау көрсетілді. Қазір жұмыс істеп тұрған көлік-логистикалық кешен оңтүстікке келетін тауарларды кедендік рәсімдеу мен қоймаға сақтау қызметтерін көрсетеді. Бұл орталық арқылы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстаннан Ресейге жөнелтілетін және қайтатын жүктер өтеді.

Қарағанды облысында ферросилиций шығаратын зауыт салу жобасы да жүзеге асырылып жатыр. Бұл мақсатқа Холдинг 24 млрд теңге бөлген. 2019 жылы зауыт жылына 96 тоннадан бастап өнім бере бастайды. Мұнымен қатар, зауыттың екінші кезегін де іске қосу жоспарланған. Ол өнім беруді жылына 144 тоннаға дейін ұлғайтады деп көзделіп отыр. Жаңа кәсіпорын Қазақстанның темір кремний қорытпасын өндіруші әлемдік алпауыттар қатарына енуіне мүмкіндік береді. Бұл жобадағы отандық үлес 90%-дан астам болмақ.

Мұнымен қатар, биыл жыл соңына дейін Ақмола облысында  Холдингтің қолдауымен құс фабрикасының құрылысы басталады. Жылына 60 мың тонна құс етін беретін, құсты сойып, өңдеу ісі автоматтандырылған зауыт - шығарылған өнім көлемі жағынан Орталық Азиядағы ірі  кешен болады.

Холдинг өңдеу өнеркәсібі саласындағы импорт алмасуға бағытталған бірқатар инвестиция жобаларды да қаржыландыруда. Олардың ішінде  Шымкент мұнай өңдеу зауыты, Павлодар мұнай-химия зауыты, теміржол доңғалақтарын шығаратын кешен, Батыс Қазақстан облысындағы экологиялық таза мотор майларын шығаратын зауыт секілді көптеген жобалар бар.

Похожие материалы