Назарбаев: Энергетика министрлігі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге жауапты
Астана. 16 қазан. 7kun.kz — ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Президентке жанар-жағармай нарығындағы қазіргі ахуал мен мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту барысы жөнінде мәлімдеді деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі жанармай тапшылығы Қазақстан Үкіметі мен Энергетика министрлігі тарапынан нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз ету үшін уақтылы шешім қабылдамауы салдарынан орын алып отырғанын айтты.
"Энергетика министрлігі еліміздің отын-энергетика мәселелеріне, соның ішінде ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге жауапты. Елімізде оның тапшылығына байланысты орын алған ахуал Үкімет пен Энергетика министрлігі тарапынан немқұрайлылық пен жауапсыздыққа жол берілгенін көрсетіп отыр. Сіз биылғы мамыр айында мұнай өңдеу зауыттарына жөндеу жұмыстарын жүргізу кестесін бекіттіңіз. Күзде үш зауыттың екеуі жөндеу үшін тоқтатылатынын білдіңіз. Мұндай жағдай жыл сайын қайталанып келеді. Соны біле тұра, алдын-ала дайындалып, халықты қамтамасыз ету үшін қажетті көлемде жанар-жағармай жеткізуге тиіс едіңіз. Олай болмады", - деді президент.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев министрліктің жанар-жағармай нарығындағы ахуалды тұрақтандыруға бағытталған бұған дейінгі шараларының тиімділігі төмен болғанын атап өтті.
"Сіз ұсынған жақсы бастамалар аз емес. Олар менің тарапымнан да, Үкімет тарапынан да қолдау тауып келеді. Жанармай тапшылығын болдырмау үшін бағаны мемлекеттік реттеуден бас тарту ұсынылды. Алайда, нарықта тағы да жанар-жағармай жетіспеушілігі орын алды. Осыған байланысты, Үкіметтің ұсынысы бойынша сізге сөгіс жарияладым. Бұл – қызметтен босатылғанмен бірдей", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ Қанат Бозымбаев Қазақстан Президентіне Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмыстарының барысы туралы мәлімдеді.
"Екі мұнай өңдеу зауытын жетілдіріп, жаңғырту биыл аяқталады. Қараша айында Павлодардағы зауытты іске қосу жоспарланып отыр. Атыраудағы мұнай өңдеу зауытындағы жұмыстарды осы жылдың 16 желтоқсанына дейін аяқтау көзделген. Мұнда мұнай өнімдерінің көлемін арттыруға және олардың сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін катализдік крекинг қондырғысы бірінші рет пайдаланылатын болады", - деді ол.
Қ.Бозымбаев Президентке Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытында да жоғары октанды бензин шығаруға арналған катализдік крекинг қондырғысын салу жоспарланып отырғаны туралы айтты.
Энергетика министрі келесі жылы Қазақстан нарығы жоғары сапалы жанармаймен, соның ішінде авиациялық жанармаймен қамтамасыз етілетінін айтты.
Кездесу соңында Қазақстан Президенті нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз ету үшін жауапкершілік жүктелетінін тағы да ескертіп, жанармай тапшылығын болдырмау үшін барлық қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024