Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Несие тарихын қалай қалпына келтіруге болады?

Несие тарихын қалай қалпына келтіруге болады?

Осыған дейін банктер несиені рәсімдеу кезіндегі шешуші фактор ретінде қарыз алушының қажетті табыс көлемін жеткілікті деп есептесе, қазір банк мамандары жалақыдан бөлек несие тарихы туралы ақпаратқа да назар салады. Ипотекаға үй алуды немесе қандай да бір үлкен сомаға несие алуды жоспарлап отырсаңыз, алдымен несие тарихыңыздың "тазалығына" мән беру қажет.

Несие тарихы туралы ақпарды қайдан білуге болады?

Кез-келген азаматтың қарыздар тарихы мен олар туралы толық есепті алуға құқығы бар. Өзіңіздің несие тарихыңызды қалай білген жөн? Мұның бірнеше жолы бар. Бірден бюро кеңсесіне баруға немесе ресми түрде пошта арқылы өтініш жіберуге болады. Бірінші жағдайда бюроға төлқұжатыңызбен келуіңіз қажет. Егер сіздің ұйымға жеке баратындай мүмкіндігіңіз болмаса, өтінішіңізді нотариуспен куәландырылған хат арқылы жібере аласыз. Қазір egov.kz порталы арқылы өзіңіздің несие тарихыңызды 15 минут ішінде тексеруге болады. Қызмет түрін "Салық және қаржы" айдарынан таба аласыз. Есепті алу үшін Қазақстанның белгілі бір банкінің төлем картасы мен электрондық-цифрлік қолтаңбаға (ЭЦҚ) ие болу керек. Керек жағдайда себебін айтпастан есепті бірнеше рет алуға болады. Бірақ біріншісін тегін аласыз, өзгелері үшін ақы төленуі қажет. Жеке тұлғалар үшін несие тарихын алу ақысы 400 теңге, заңды тұлғалар 800 теңге тұрады. Егер несие тарихыңыздан қандай да бір қателік тапсаңыз, оны өзгертуге құқығыңыз бар. Несиелік бюро сіздің талабыңызды бір ай ішінде қайта қарайды, қарыз тарихыңызды өзгертеді немесе сол күйінде қалдырады. Еске салайық, несиелік бюро клиенттің қарыз тарихын бірнеше рет тексермейді. Сіз келіспесеңіз, сотқа бару қажет болады. Несие тарихы - сіз алған несиелер туралы барлық ақпараттар. Бұрын алған қарыздарыңыз, толығымен қайтарылған, достарыңыз бен туыстарыңыздың кепілдігімен алған несиелер туралы мағлұмат болады. Әдетте, 10 несие тарихының 9-да қателіктер не дұрыс емес мәліметтер (қайта есептелген несие, қарыз жабылған уақыттың дұрыс көрсетілмеуі, құжаттар мен телефон нөмеріндегі қателік және т.б.) болады. Сіз ешқашан несие алмасаңыз да, несие тарихыңыз сіздің рұқсатыңызсыз бұзылып кетеді.

Несие есебі деген не?

Жеке несие есебі - тек сіздің қолдануыңызға ғана арналған, үшінші тұлға беруге болмайтын құжат түрі. Жеке несие есебінде төмендегідей пункттер болады:
  • жалпы мәлімет (мекен-жайы, құжат бойынша ақпарат, жеке мәліметтері)
  • әлеуметтік-экономикалық статусы (білімі, қызметі, ай сайынғы табысы, отбасылық жағдайы т.б.)
  • субьектінің статусы мен келісім-шарт (қарыз) статусы туралы ақпарат
  • қазіргі және аяқталмаған келісім-шарт бойынша толық ақпарат (аяқталған және жұмыс істеп тұрған несие келісім-шарттарының саны, субьект ролі, төленусіз қалған жарна)
  • қазіргі келісім-шарттарға қатысты толық ақпарат (несие алуға қатысты өтініш берілген уақыт, келісім-шарттың аяқталу уақыты, келісім-шарт нөмірі, несиенің жалпы көлемі, төленбеген сома, төлену мерзімі өтіп кеткен жарна сомасы, ақпарат көзі және т.б.)
  • аяқталған келісім-шарт бойынша толық ақпарат (аяқталған келісім-шарт туралы толық ақпарат, несие мақсаты, қамтамасыз ету түрі мен уақыты, төленбеген сома, төлену мерзімі өтіп кеткен жарналар, ақпарат көзі және т.б.)
  • бірінші несие бюросының клиенттері жіберген өтініштердің негізінде қаралған несие тарихы туралы ақпарат (несие есебін алушының аты-жөні, уақыты)
  • басқа да мәліметтер.

Нашар несие тарихын қалай ретке келтіруге болады?

Тағы да еске салайық, несие есебі туралы тәжірибеде қателіктер жиі болады. Сондықтан несие есебіңізге өз бетіңізше сараптама жасап көру қажет. Барлық банктерде клиенттерінің несие тарихын бағалау кездесе бермейді. Мұндай категорияларды кейбір банктер өздері құрастырады. Ірі банктерде тұрақты клиенттің төлем жағдайын сипаттайтын скорингті балл болады. Олар жағымды немесе жағымсыз деген баға береді. Яғни осы әдіс арқылы сіздің банктен несие алу мүмкіндігіңіз бағаланады. Әр банктың несие есебіндегі қателіктерге де көзқарас әр түрлі. Мысалы, бір банктің несие беруден бас тартуына өткен несие бойынша 30 күн кешіктіру, өзгелеріне 90 күн кешіктіру себеп болады. Яғни сіздің тарихыңыз барлық банктер үшін бірдей болмайды. Кейбіреулері сіздің өткен тарихыңызға қарамастан, жаңа несие алу туралы өтінішіңізді қанағаттандырады, бірақ пайыздық бәсті көбейтеді. Сіздің төленбеген мерзім туралы ақпаратты жөндеуге болмайды. Бірақ бұл ақпараттың өзі әр банкке әр түрлі әсер етеді. Олар соңғы 3 жылдағы мәліметті сарапқа салады. Ғаламторда белгілі бір сомаға несие тарихыңызды "реттеп беретін" хабарландыруларды кездестіруге болады. Бұл тек қана көзбояушылық. Сіз қаржылай жағдайыңызға одан әрі салмақ түсіріп, жемқорлықтың өркендеуіне үлес қосасыз.

Жаңадан бастау

Бірнеше рет тексерілген мәліметтеріңіз шындыққа сай келмей, несие тарихыңыз "сенімді ақтамайды" деп танылса не істеуге болады? Мамандар оптимизммен жауап қайтарды. Біріншіден, банктерге сіздің несие тарихыңыздың "қайта қалпына келгендігі"  пайдалы екенін ұмытпаңыз. Яғни ешкім қарыз алушылардың бетін қайтармайды. Қаржылық тәжірибесіздігіңіздің кезінде қателікке бой алдырып, оның салдарын жоюға ұмтылуыңыз сізге қосымша артықшылық береді. Несие тарихын кезең-кезеңімен жөндеу қажет. Алдымен барлық төлемдеріңізді қалпына келтіріңіз. Ары қарай кішігірім несие алып, кешіктірусіз қайтарыңыз. Кейінірек, қарыз көлемін көбейтіп, сол арқылы төлем жасау қажет. Осыдан кейін сіздің банктерге қаншалықты қызықты несие алушы екеніңізді сізге келіп түскен ұсыныстардан байқауға болады. Несиенің басқа түрлерін, несиелік картаны шығаруын ұсынуы мүмкін. Осы сәттен бастап несие тарихыңызды сәтті түрде "тазарды" деп есептеуге болады. Бұл үшін бір жарым жылдық еңбек және өзіңіздің қаржылық "айнаңыз" болатын несие тарихыңызды қалпына келтіруге деген төзімділік керек.  

Похожие материалы