Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында көптеген заң бұзушылық анықталды
Нұр-Сұлтан. 8 қыркүйек. 7kun.kz – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің аудиттік тексерісі елорда әуежайының жұмысынан көптеген заң бұзушылық анықтады, деп хабарлайды 7kun.kz.
ҚР ИИДМ ішкі аудит қызметінің биылғы тамызда елорда әуежайына жасаған тексеріс қорытындысын жариялады.
«Аудиторлық іс-шаралардың қорытындысы бойынша әуежай басшылығы тарапынан жасалған көптеген кемшіліктер мен бірқатар заң бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, сатып алу рәсімдерінің мемлекеттік сатып алу порталынан тыс жүргізілуі, келісімшарттарды жасау барысында ашықтықтың болмауы, еңбекақы төлеу жүйесіндегі заң бұзушылықтардың орын алуы, жанар-жағармай материалдарын заңсыз босату, ұйымдық құрылымды құрудағы бей-берекетсіздік, Қоғам басшылығы арасындағы қызметтік міндеттемелерді заңсыз бөлу сынды заңдылыққа қайшы әрекеттер анықталды», – делінген министрлік хабарламасында.
Сондай-ақ Директорлар кеңесі әуежайдағы бірқатар қызметтерді аутсорсингке беру кезінде қажетті талаптардың сақталмағанын анықтады. Бұл аталған қызметтердің тиімсіздігіне әкелді.
Кеңес барысында «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ Директорлар кеңесі компания басқармасына аталған заң бұзушылықтарды жою бойынша арнайы жоспар құруды тапсырды.
«Сондай-ақ ұйым құрылымын қайта қарау, мемлекеттік сатып алулар кезінде заң талаптарын қатаң сақтау, жанар-жағармай материалдары шығындарына бақылауды күшейту, қызмет көрсету бойынша келісімшарттардың тиімділігіне ревизия жүргізу міндеттелді. Бұдан бөлек, заңсыздыққа жол берген жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тарту мәселесі де жүктелді», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 6 қыркүйекте «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ Басқарма төрағасы Ғабит Тәжімұратовтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған болатын.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024