Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

ОҚО-да 557 мыңнан астам көлік тіркелген

ОҚО-да 557 мыңнан астам көлік тіркелген

Алматы. 6 желтоқсан. 7kun.kz — Оңтүстік Қазақстан облысында 557 143 автокөлік тіркелген. Салық кодексіне сәйкес, 59 265 автокөлік иелерінде жеңілдік бар. Қазіргі уақытта облыс көлемінде төленбеген көлік салығын өндіру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Алтынсары Үмбеталиев мәлімдеді.

Департамент басшысының айтуынша, облыста «Цифрлі Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Салық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру» пилоттық жобасы іске асырылады.

«Жаңа жүйенің енгізілуі - тапсыратын құжаттардың азаюына, уақытты үнемдеуге үлкен мүмкіндік береді. Пилоттық жобаның аясында «Астана-1» ақпараттық жаңа жүйесі қолданысқа енгізілді. Аталған жүйе барлық кеден бекеттеріне орнатылып, бүгінде 6 мыңға жуық транзиттік декларация рәсімделген», - деді  Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Сонымен қатар, облыс орталығы Шымкент қаласында өткен Қазақстан-Өзбекстан делегациясының екіжақты келісіміне сәйкес, «Атамекен» кеден бекетінің «Сырдарья» және «Целинный» өткізу пункттері ашылып отыр.

«Қазіргі кезде «Қазығұрт», «Қапланбек» және «Атамекен» кеден бекеттерін тәулік бойы жұмыс кестесіне көшіріп, шекарадан өтетін тауарлар мен көлік құралдарын ресімдеуді жылдамдатуға қол жеткізіп отырмыз. Сондай-ақ, өткізу пункттері арасындағы жолдар мен көпірлерді кеңейтіп, жеке тұлғаларға шекарадан өтуге ыңғайлы жағдай жасайтын боламыз. Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың 9 айында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 554 млн АҚШ долларын құрады», - деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Похожие материалы