Ресейлік кәсіпкер, Тинькофф банктің негізін салушы Олег Тиньков Ресейден кетті. Ол Украина туралы пікір білдіргеннен кейін өзін қудалай бастағаны туралы жазған еді. Кейінірек бизнесін Потанинге сатқаны белгілі болды. Ал бүгін Ресейден мәңгілікке кетіп бара жатқанын жазды.
«Менің Ресейде ештеңем қалмады. Ал бұл Ресей үшін жаман. Мен режимге қарамастан, оның көмегінсіз, 4 түрлі бизнесті нөлден бастағандардың бірі болдым! Бизнесім шарықтаған кезде Forbes менің байлығымды 9,4 миллиард долларға бағалады. Мен мақтандым, бірақ ақшаға бола емес, жемқор және архаикалық Ресейде адал, еркін, америкалық бизнес түрін құра алғаныма мақтандым. Мен ешқашан пара бермедім, шенеуніктерге жағымпазданбадым, жұмысқа таныстарым мен туыстырымды алмадым, мұны кез-келген қызметкер растайды. Сондықтан біз елдегі 2-банк болдық, бірінші де болатын едік, бірақ «күш құрылымдарының достары мен балалары» креатив пен модернге қарсы тең келетін еш нәрсе ұсына алмады», деп жазған бизнесмен Ресейдің архаизмге, патернализмге, құлдыққа түсіп кеткеніне өкінген.
«Ресей жоқ, бәрі кетті. Ал маған, ең ауыр қан қатерлі ісігі-лейкемиямен күресіп жатқан адамға қорқытулар, пікір үшін жазалауға тырысу, режимнің түпкілікті адамгершілігінен айырылғанын көрсетеді. Кремль және Лубянка тұрғындарына құдай жар болсын. Мен Потанинге ризамын, ол мені осы жақындап келе жатқан тозақтан құтқарып, «тиынға» болса да тез сатып алды. ФМД-нің өңін өзгертіп айтсам: «Бірде-бір миллиард/миллион да баланың көз жасына тұрмайды!» Мен бәрін жоғалттым, бірақ адамгершілігімді жоғалтпадым. Көршімен соғысып, бейбіт тұрғындар мен балаларды қырып жатқан елде ақша таба алмаймын, ол үшін маған ешқандай себеп керек емес!», деп жазды Тиньков.
Ол сондай-ақ соғыстың, Ресейдегі жағдайдың жамандық, ал өзінің жақсылық жағында екенін айтады.
«Бұл жамандық, ал мен жақсылық жағындамын! Мен қанша өмір сүретінімді білмеймін, бірақ мен «бұзық, қорқақ және ақымақ» ресейлік олигархтардың 90%-ы сияқты бұл миллиардтармен өлгім келмейді. Қорқақтар, сендердің бір ғана өмірлерің бар, оны адам сияқты сүру керек», деп жазды кәсіпкер.
Ол жазбасын «мен Tinkoff және La Datcha брендтерін елден алып кетемін. Олар менің отбасыма тиеселі, мен оларды орыс солдаттары мен украиндықтардың қанымен былғағым келмейді. Украина жеңеді, өйткені жақсылық әрқашан зұлымдықты жеңеді, бізді мектепте солай үйреткен! Барлықтарыңызға жақсылық және денсаулық тілеймін! Мен енді мұнда келмеймін. Мен ренжігендерге «күйме» ұсынатын жерге барамын», деп аяқтаған.
Олег Тиньков 2022 жылдың 5 ақпанында әлемдегі байлар тізімінде 608-ші орынға, ең бай ресейліктердің 2021 жылғы тізімінде
$4,7 млрд-пен 32-орында болған еді.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024