Орал қаласының тұрғыны алаяққа сеніп, 11 миллион теңге ақшасын аударып жіберген
БҚО. 22 тамыз. 7kun.kz – Алаяққа сеніп қалған Орал қаласының 47 жастағы тұрғыны 11 млн 250 мың теңгесінен айырылды, деп хабарлайды 7kun.kz.
Жәбірленушінің айтуынша, өзін «банк қауіпсіздік қызметінің қызметкері» деп таныстырған белгісіз адам оған қоңырау шалып, сеніміне кірген.
«Алаяқ жәбірленушінің есепшотындағы қаражатын сақтап беремін деп алдаған. Оның жалған сөзіне сенген тұрғын онлайн банкингте несие ресімдеп, қоңырау шалушыға 4 750 мың теңгені аударған. Содан кейін басқа екі банктен 4,5 млн теңге және 2 млн теңге несие рәсімдеп, қаражаттарды алаяқ көрсеткен шотқа аударып жіберген. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігіне (алаяқтық) сәйкес қылмыстық іс қозғалды», – деді БҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Сұлтан Шалдарбеков.
Мұндай жағдайларда қаржы шетелдік банктердің шоттарына аударымдар тізбегі бойынша кетеді және сол жерде қолма-қол ақшаға айналғандықтан, мұндай қылмыстарды ашу қиын және ақшаны қайтару іс жүзінде мүмкін емес.