2014-2016 жылдары дайын тауар жасаумен айналысатын кәсіпорындарды қаржыландаруға Ұлттық қордан 300 млрд теңге бөлінген. Статистика комитеті де 2017 жылдың қаңтарында аталған секторға бөлінетін инвестиция көлемі үш есе артқанын хабарлап еді. «Бірақ 2016 жылы алынатын өнім көлемі 1 пайызға да артпай, 2012 жылдан бастап кәсіпорындарда қысқарту жүріп жатқанына» мамандар мемлекеттік қолдау жүйесінің қателігі себеп болып отырғанын айтады.
2016 жылы Біріккен ұлттар ұйымының экономистері өндіруші өнеркәсіптің экономикалық өсімге қалай әсер ететіні туралы 200 елді қамтитын зерттеу жүргізіп, «ел экономикасының алға жылжуында аталған сектор үлкен роль ойнайды» деген қорытындыға келеді.
Өндіруші өнеркәсіп – ауыл шаруашылығынан алынатын өнімдер мен мұнай, табиғи газ бен түрлі кендерді шикізат ретінде пайдаланып, дайын өнім жасаумен айналысатын өндіріс саласы. Яғни, дүкен сөрелерінде отандық тауарлардың артуы тікелей осы салаға байланысты.
2017 жылдың басында жарияланған ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанда бүгінде дайын өнім жасаумен айналысатын 13 799-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Бірақ секторда тауар өндірумен айналысатындарды айқындайтын «белсенді кәсіпорындар» деген арнаулы санат бар. Олардың саны - 7 099. Бұл – барлық кәсіпорынның ішінде өнеркәсіппен айналысатындардың саны екі есе аз деген сөз.
Одан бөлек, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының (ҰКП) жүргізген зерттеуі бойынша, өнеркәсіптерді белсенді және жұмыс істемейтін деп қана емес, шынында да өнеркәсіппен айналысатын я басқа типтегі «өнеркәсіптер» деп екіге бөлу керек. ҰҚП 2015 жылдан бастап тауарлардың Қазақстанда жасалғанын растау үшін берілетін «СТ-КЗ» сертификаты бойынша тексеріс жүргізіп, 175 сертифкаттың 105-інен заңбұзушылықтар анықтаған. Палата өкілдері осыны алға тартып, «тауар жасаушы» атын жамылғандар жай ғана алып-сатарлар болып шығуы мүмкін екенін айтады.
Бұл сектор республикалық бюджет түсімдерінің біршама бөлігін қамтитындықтан әрі үкімет отандық өнімдердің нарықтағы үлесін көбейтуге мүдделі болғандықтан, инвестиция көлемін ұдайы арттырып отыруға тырысады. Мысалы, finprom.kz агенттік сарапшыларының айтуынша, 2016 жылы тауар жасаумен айналысатын кәсіпорындарға құйылған инвестицияның жалпы көлемі 834 млрд теңгені құраған. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 8 пайызға көп. Ал 2016 жылы кәсіпорындарды Ұлттық қордың жалпы сомасы 100 млрд теңгені құрайтын екі транш есебінен қолдау аясында, аталған сектордағы құны 93 млрд 485,7 млн теңгеге бағаланған бірнеше жоба қаржыландырылған.
Өндіруші өнеркәсіп секторының кей өкілдері кейде тіпті мемлекет көмегіне ғана арқа сүйеп кетеді. Мәселен, finprom.kz агенттігі 2016 жылы көлік саласына бюджеттен бөлінетін инвестиция 36 пайызға өскенін, алайда кәсіпорындар өздерінің дамуы үшін бөлетін қаражатын қысқартып жатқанын хабарлаған.
Сараптама агенттігінің жазуынша, мемлекеттің инвестиция бөлуге дайын екенін көрген кәсіпорындар өз бюджеттерінен өздеріне бөлінетін қаржыны азайтқан. Агенттік келтірген статистикада 2016 жылы аталған секторға республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген инвестиция көлемі 7,3 миллиард теңгеге артып, кәсіпорынның өзіне құятын инвестициясы 69,5 миллиард теңгеге қысқарғаны жазылған.
Оған қоса, 2014-2016 жылдары өндіруші өнеркәсіп саласындағы жобаларды қолдауға Ұлттық қор қаржысынан 300 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Инвестиция көлемінің жыл сайын артып келе жатқанын айтатын экономистердің мемлекет қолдауы секторға қаншалықты оң әсер етіп жатқанына қатысты пікірі екіге айырылады. Экономист Нұрлан Сақуов өндіруші өнеркәсіпті мемлекет қаржысы есебінен қолдау қаншалықты тиімді екені мен экономикалық пайда әкеліп жатқаны тексерілмейтінін айтады.
- Қандай мемлекеттік қолдау жүйесі, қандай мемлекеттік бағдарлама қабылданбасын – қаржыландыру жекеменшік банктер арқылы іске асады. Ал олар ең алдымен өздерінің табыстарын ойлап, «кепілдік бар болса кредит беріледі» қағидасымен жұмыс істейді. Сондықтан үлкен көлемдегі кредиттер көптеп берілмейді де, жаңа стратаптар жасалмайды, сәйкесінше экономиканың өсуі өте баяу, - дейді ол.
Экономистің келтірген деректеріне сүйенсек, Ұлттық қордан бөлінген 300 млрд теңге барлық кәсіпорынның 3 пайызына ғана берілсе, сол қаржының 65 пайызы жаңа кәсіпорындар арасында үлестірілген. 2016 жылы бюджеттен бөлінетін қаражат өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға артқанымен, өндіруші өнеркәсіпті кредиттеу көлемі 4 пайызға азайған. Дегенмен, 2016 жылы аталған секторда дайын өнім шығаратын кәсіпорындар тауарлар көлемін 0,7 пайызға арттырып, 2015 жылғы 0,2 пайыздық көрсеткіштен біршама алға шыққан. Алайда бұл көрсеткіш қаржы дағдардарысы болған 2009-2010 жылдармен салыстырғанда әлдеқайда төмен: 2010 жылы өндіруші кәсіпорындар өндіріс көлемін бірден 18,4 пайызға арттырып тастаған еді.
Экономист Жарас Ахметовтың айтуынша, дайын тауар жасаумен айналысатын кәсіпорындарды мемлекеттік инвестиция есебінен қолдау тиімсіз болып отыр.
- Өндіріс көлемі артпады деп айтуға болмайды, 0,7 пайыз - кішкентай болса да, өсім. Бірақ инвестиция тиімсіз екені рас. Мысалы, өткен жылы 72 жобаға 150 млрд теңге жұмсалды, бірақ олардың ешқайсы жұмыс істемей отыр. Бұл қате инвестициялық шешім деп аталады. Яғни, екі-үш рет қаржыны тиімсіз бағытқа бұрған соң, мемлекет ең табысты біреуін табуы керек. Ал бізде оны таба алмайды. Менің ойымша, кәсіпорындардың негізгі капиталына емес, қазақстандық тауарлардың нарықтағы танымалдығын арттыру шараларына қаржы бөлу әлдеқайда тиімді болар еді. Себебі, нарықта ақпараттық ашықтық жоқ, халық отандық тауарларын танымайды, - дейді ол.
Оның үстіне, finprom.kz сараптама агенттігі отандық тауар өндірушілердің өткен жылы 0,7 пайыз өсуіне себеп болған жасалған тауарлар көлемінің артуы емес, кәсіпорындардағы қызметкерлерді қысқарту есебінен болғанын айтады. 2016 жылғы қыркүйектің соңында өндірістік өнеркәсіп секторында жұмыс істеп жатқан азаматтар саны өткен жылдан бері 37,6 мың адамға азайып, 286 мың адамды құраған. Кәсіпорындардағы жұмысшылардың қысқаруы - бір жылда тіркелген құбылыс емес, 2012 жылдан бері тұрақты түрде жалғасып келе жатқан тенденция.
Бұдан бөлек, аталған сектордағы жекелеген бағыттардың жайы да жақсарып жатқан жоқ. Мысалы, жеңіл өнеркәсіпте өндірілетін тауарлар көлемі өткен 2015 жылмен салыстырғанда 1 пайызға азайған. Мысалы, 2015 жылмен салыстырғанда былғары кәсіпорындары – 13 пайызға, дайын киім өнімдерін шығаратындар - 0,8 пайызға аз өнім жасап шыққан. Одан бөлек, 2016 жылы жеңіл өнеркәсіптегі белсенді кәсіпорындардың саны 27 пайызға азайып, 79-дан 58-ге кеміген.
Экономист Тимур Исаевтің пайымдауынша, үкімет «өндіріс көлемі артып жатыр» деп өздерін алдамауы керек. Маман «секторға металлургия саласын қосу ғана статистикаға қандай да бір өсім беріп отырғанын, одан басқа саланың барлығы дағдарысқа ұшырап жатқанын» айтады. Отандық өнімдердің нарықтағы салмағын арттыруға күш салынып жатқынымен, қазақстандықтар біраз тауарды әлі де шетелден сатып алуға зәру. Мысалы, Қазақстанда сатылатын сырт киімнің – 97 пайызы, аяқ-киімнің – 96 пайызы, мақта-мата өнімдерінің 60 пайызы шетелдік тауарлар.
Мемлекеттің қаржылық қолдауы артқанымен, сектордың әлі де тұралап тұрғанына экономист Нұрлан Сақуов биліктің бір нәрсені қайта-қайта істеп, бірақ басқаша нәтиже күтетінінен көреді.
- Дайын тауар өндіретін секторға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру үшін жекеленген кәсіпорындарды кредиттемей, даму институттары арқылы жүйедегі мәселелерді шешумен айналсу керек. Ол үшін шын мәнінде осы бағытта жұмыс істейтіндерді жинап, олардың өздері кездескен мәселелерді анықтап, соны шешкен жеткілікті, - дейді экономист.
Естеріңізде болса, осы жылғы ақпанның 3-інде Қазақстан президенті үкімет отырысына қатысып, бұған дейін елімізде іске қосылған жалпы сомасы 150 млрд теңгені құраған 72 кәсіпорынның толық я жартылай жұмыс істемей тұрғанын сынаған еді.
- Құны 3,3 млрд теңгені құраған Қостанай облысындағы құс етін шығаратын кәсіпорын тоқтап тұр. Қарағандыдағы 1 млрд теңгенің жобасы жұмыс істемей тұр. Көзіңді бақырайтып, қарап отырасыңдар ма? Шақырып алыңдар. Істесін болмаса [кәсіпорындарды ]тартып алыңдар! – деген еді президент.
Айта кетейік, 2016 жылы шикізат емес тауарлар экспорты 2015 жылмен салыстырғанда - 13 пайызға, 2012 жылмен салыстырғанда 39 пайызға кеміген. Ал Үкімет отырыстарының бірінде Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов «2017 жылы тауар жасаумен айналысатын отандық өнеркәсіптер жасайтын өнім көлемі 2,6 пайызға өсуі мүмкін» деп болжаған еді.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024