Алматы. 28 наурыз. 7kun.kz - Отандық киноиндустрия және шоу-бизнес саласына тың серпіліс беру мақсатымен «BILTE invest» инвестициялық компаниясы іске қосылды. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында компания өкілдері айтты.
«BILTE invest» компаниясы медиа және ойын-сауық саласына инвестиция салуды көздейді. Қазіргі таңда жобаға қазақстандық, малайзиялық және жапониялық инвесторлар қатысуда.
«Біздің мақсатымыз – елімізде өнер саласында еңбек етіп жүрген шығармашылық ұжымдар мен инвесторлар арасында алтын көпір болып, отандық және әлемдік нарыққа қазақстандық сапалы туындыларды ұсыну», - дейді компанияның құрылтайшысы Алжанбек Болысбекұлы.
«BILTE invest» компаниясының тағы бір құрылтайшысы Едіге Қожахметтің айтуынша, бүгінгі күнге дейін қазақстандық кино мен шоу бизнес нарығы ірі бизнес өкілдері мен инвесторлар тарапынан мақсатты түрде қарастырылмаған, тек меценаттық көзқарас болды.
«Осы салаға тұрақты инвестиция саламыз деген пассивті инвесторлардың жаңа буынын қалыптастыруды көздеп отырмыз», - деді Едіге Қожахметов.
Компания басты сала ретінде коммерциялық кино, шоу-бизнес, ютуб жобаларды таңдап отыр. Тіпті тәжірибе ретінде алғашқы кино қаржыландырылып, прокатқа шықты. «Мама+папа» кинокартинасы бүгіннен бастап барлық кинотеатрларда көрсетіледі. Фильмге қаржы бөлген малайзиялық инвестор Хайрул Назимдер баспасөз мәслихатында осы жобаға қатысқанына қуанышты екенін жеткізді. Сондай-ақ, ол болашақта да Қазақстандағы киноиндустрия, коммерциялық жобаларға қолдау білдіруге дайын екенін атап өтті.
«Бизнесмендер, іскер азаматтар өздері алғашқы болып кино саласына қадам жасады. Сол үшін алғысымды айтамын. Шетелдік инвесторларға да ризашылығымды білдіремін. Бұл дегеніміз, біздің аудиториямыз кеңейе түсуде деген сөз», - деді режиссер Сатыбалды Нарымбетов.
Режиссердің айтуынша, алғашқы фильмдерді жас, елге таныла қоймаған режиссерлер түсіреді. Әртүрлі жанрлар бойынша жобалар қаралады.
Баспасөз мәслихатында белгілі болғандай, 1 жыл бұрын «BILTE өнер мектебі» құрылған. Қазіргі таңда мектеп өнер саласында шәкірт дайындауда.
«BILTE invest» компаниясының өкілдері жұмыс бабында ұлттық, азаматтық құндылықтарға мән берілетінін атап өтті. Сонымен қатар, қазақстандық шоу-бизнес пен кино өнімдерін экспорттау бойынша жүйелі жұмыс іске асырылады.
«Бұл ретте, кино және музыкалық продюсерлерді, шоу-бизнес өкілдерін серіктестікке шақырамыз, жалпы биылғы жылы 5 кинокартинаға инвестиция салу жоспарланып отыр. Оның ішінде таза Қазақстан нарығына арналған коммерциялық кинолар және халықаралық нарыққа арналған фильмдер бар», - деп түсіндірді «BILTE invest» компаниясының құрылтайшысы Едіге Қожахмет.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024