Павлодар, Ақтөбе және Қостанайлық журналистер сапалы контент дайындау туралы тренингке қатысты
Желтоқсан айында Павлодар, Ақтөбе және Қостанай қаласында жергілікті журналистерге арналған «Мультимедиалық журналистика: сапалы контент дайындау мәселелері» атты семинар-тренинг өтті. Қазақ тілді журналистердің біліктілігін арттыру (ERG) Еуразиялық топқа қарасты «ERG Көмек» корпоративтік қорының өңірлік журналистиканы дамытуға бағытталған шараларының бірі.
Үш қалада өткен тегін семинар-тренингке әр қаладан жергілікті БАҚ-тарда жұмыс істейтін 20-дан астам журналист қатысып отырды. Оларға Қайнар Олжай, Мейрамхан Жәпек, Ербол Азанбек, Нұрлан Жанай мен Ержан Қалымбайұлы сынды медиа тренерлер мультимедиалық журналистикаға қатысты сабақтар берді.
Сонымен қатар, қазақ тілді журналистикадағы ең өзекті тақырыптардың бірі — сапалы контент жасаудың қыр-сырын үйретті. Семинар-тренинг бағдарламасы шеңберінде тренерлер мультимедиалық контент қалай жасалатынын, оны жасаудың жолдарын көрсетті. Сонымен қатар, журналистерге мақаланы сауатты жазу, тақырып қою, стилистикалық ерекшеліктер мен ақпаратты визуализациялау, іскерлік журналистика, диджитал журналистика тақырыптарына қатысты сабақтар берілді. Қатысушылар медиа тренерлерге өздерін толғандырған сауалдарын қойып, жауап алды. Журналистердің теориялық және тәжірибелік біліктілігін арттыруға арналған шараға қатысқандарға арнайы сертификаттар мен сыйлықтар табыс етілді.
Сонымен қатар, жергілікті журналистерге белгілі журналист Ербол Азанбектің жетекшілігімен жарық көрген «Іскерлік журналистика» кітабы да тарту етілді. Ұйымдастырушылар қазақ медиа нарығында алдағы жылдары сапалы контент жасау мәселесі өзекті тақырыпқа айналарына сенімді. Арзан шоу мен дабырасы қалың дүниелер және хайпқа бағытталған бағдарламалардан халық жалыға бастады. Өз өзін өсіргісі келетін, тұлғалық дамып, рухани кемелденгісі келетін тұтынушыларды қазақ тіліндегі сапалы ақпаратпен қамтамасыз етуде БАҚ әлі қауақарсыздық танытып келеді. Көптеген салада ақпарат мүлде тапшы. Салалық, сапалық ақпараттарға сұраныс та күн санап артуда.
Медиа тренерлердің бірі, белгілі публицист Қайнар Олжайдың айтуынша, мұндай шаралар әсіресе, өңірдегі қазақ тілді журналистердің дамуына оң ықпал етіп, заманға сай ілгерлеуіне өз септігін тигізеді.
Ал семинар-тренингтерге демеушілік танытқан ERG компаниясының өкілі Жанболат Серікбайұлының сөзінше, бұған дейін қазақ тілді журналистерді оқыту шарасының форматы сан түрлі болып келген. Былтыр елордаға біраз өңірлерден журналистер алдыртып, оқытқан. Бірақ, соңғы жылдары бір адамның семинар-тренингке бірнеше рет қатысуы, компанияның жүлдесін де бірнеше дүркін алуы секілді үрдістер байқалған. Сондықтан биылдан бастап аймақтарға шығып, барынша жергілікті журналистерді молынан қамтып, оқытуды жөн көрген.
Шараны ұйымдастырушы «Алтын Қазына» қоғамдық бірлестігінің өкілі Жанболат Тәуелдің айтуынша, қараша-желтоқсан айында үш қалада өткен журналистердің білім-білігін арттыруға арналған семинар-тренингке барлығы 70-ке жуық журналист қатысқан. Әр қалаға 20 орын белгіленгеніне қарамастан, кей қалада қатысушылар санын одан асырып жіберуге тура келген. Себебі, қызығушылық танытқан жергілікті журналистердің қарасы мол болған.