Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Президент ЕАЭО-тан әкелінетін көліктерге уақытша тіркеу енгізуді тапсырды

Президент ЕАЭО-тан әкелінетін көліктерге уақытша тіркеу енгізуді тапсырды

Алматы. 24 қаңтар. 7kun.kz — ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен автокөлік әкелу мәселесіне тоқталды.

«Бүгінде Қазақстанда ЕАЭО елдерінен әкелінетін, уақтылы тіркелмеген көліктерге қатысты проблема туындаған. Мысалы, Ресей мен Қырғызстанда біздің азаматтарымыз автокөліктерді сенімхат бойынша сатып алады, олар іс жүзінде меншік иесі болып табылады. Оларды Қазақстанда тіркеусіз пайдаланады. Арменияда біздің азаматтарымыз Қазақстанның заңнамасын бұза отырып, техпаспорттарды рәсімдейді. Елге әкелінген бұл көліктердің көпшілігі тіркелмеген. Мұндай автокөліктер ондаған мың. Мен Бас прокуратураға жағдайға құқықтық баға беруге тапсырма беремін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Проблеманы шешу үшін Үкіметке бір ай мерзімде 2020 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша жеке пайдалану үшін ЕАЭО-дан Қазақстан азаматтары әкелген автомобильдерді бір реттік тәртіпте уақытша тіркеуді қамтамасыз ету тапсырылды. Тіркеу 2021 жылдың 1 наурызына дейін әрекет етеді.

"Мұндай көліктер техрегламенттің талаптарына сай болуы керек. Бұл ретте азаматтар тіркеу алымы мен мемлекеттік бажды төлеуі тиіс. Уақытша тіркеу иеліктен шығару және басқа тұлғаларға пайдалану мен билік ету құқығынсыз жүзеге асырылуға тиіс. 2021 жылдың 1 наурызына дейін автокөлік иелері кедендік баж салығын және автомобильді тұрақты есепке қою арқылы кәдеге жарату алымын төлеуі тиіс немесе оны елден әкетуі тиіс, немесе заңмен тыйым салынбаған өзге де әрекеттерді жүзеге асыруы тиіс", - деп мәлімдеді президент.

Ол үкіметке елдің заңнамасын бұза отырып, автокөлікті одан әрі әкелу мен пайдалануды шектеу жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

"Алдағы уақытта біздің заңымызға басымдық бере отырып және оларды бұзуға жол бермей, Қазақстанның мүдделерін негізге алу керек. Басқаша айтқанда, ЕАЭО аясында алдағы уақытта қол қойылатын барлық келісімдер Қазақстанның ұлттық мүдделерін ескеруі тиіс", - деді ол.

Айта кетейік, 2020 жылдың қаңтар айында ҚР ІІМ Қазақстанға әкелінген және есепке алынбаған Ресей, Қырғызстан және Армениядан әкелінген автомобильдер тіркеуден өтуі тиіс деп мәлімдеді. Олай болмаған жағдайда аталған автомобильдер айып тұрағына көшіріліп, одан кейін елден шығарылады. Ресми мәліметтер бойынша, Қазақстанға Армения, Қырғызстан, Беларусь және Ресейде тіркелген 170 мыңнан астам көлік құралы әкелінген.

Похожие материалы