Бүгін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауы жарияланды. Президент Қазақстанды Үшінші жаңғырту жолына қойып отырғанын айтып, экономикалық өсімнің жаңа моделін құруды тапсырды. Жолдауда экономикалық-қаржылық сектор, технология, білім беру, денсаулық сақтау бағыттары қамтылған. Жаңа жолдаудың ең маңызды тұстарын назарларыңызға ұсынамыз.
Технология
Осыған орай, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырамын. Жаңа индустриялар қалыптастырудың маңызды шарты инновацияны қолдау және оларды өндіріске тезірек енгізу болып саналады.
Үкіметке «ЭКСПО-2017» нысандарының бірінің базасында IT-стартаптар халықаралық технопаркін құруды тапсырамын. Ол әлемнің барлық елінен кәсіпкерлер мен инвесторлар тартудың платформасы болуға тиіс. Бұл үшін тиісті инфрақұрылым және салық жеңілдіктерін, оңайлатылған виза мен еңбек режімін қоса алғанда, қолайлы жағдай керек. Cондай-ақ, автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, «ауқымды мәліметтер» алмасу секілді негізгі міндеттерді іске асыру керек.
Қытаймен серіктестік
Қазақстанда өндірістер ашу жөніндегі Қытаймен бірлескен инвестициялық бағдарламаны тиімді жүзеге асыру керек. Қытай тарапымен уағдаластыққа қол жеткізілді. Нысандар белгіленді. Нақты жұмыс істеу қажет.
Бұл қазақстандықтар үшін 20 мың жаңа жұмыс орнын ашатын заманауи өндіріс болмақ. Қазір 6 жоба жүзеге асырыла бастады, ал 2 жоба іске қосылды. Соның бірі – гибридтік және толықтай электрлі JAC автомобильдерін ірі құрылғылардан құрастыратын зауыт. Қажетті инфрақұрылым қалыптастыру жайын ескеріп, экспортқа бағдарланған электромобиль өндірісін одан әрі дамыту мәселесін пысықтауды тапсырамын.
Ауыл шаруашылығын дамыту
Жолдауда аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек екені жазылған. Президент астық өнімдері бойынша біз Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуымыз керек екенін айтты.
Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана біз халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті бола аламыз. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Үкімет пен әкімдерге субсидияларды бөлу қағидаларын қайта қарастырып, біртіндеп өнімді сақтандыруға көшу қажет өнімнің өңдеу сапасын жақсартып, тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құруды, еңбек өнімділігін белсенді түрде арттырып, өндіріс шығындарын төмендетуді тапсырамын.
Ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40%-ға көбейтуді тапсырамын.
Транспорт пен «Нұрлы жер»
Логистикаға қазірдің өзінде қомақты инвестиция жұмсалды. Енді одан экономикалық қайтарым ала бастау қажет. Транзиттік тасымалдаудан түсетін табысты 5,5 есе – жылына 4 миллиард долларға дейін көбейту қажет.
Биыл республикалық маңызы бар 4400 шақырым автожол құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Жыл соңына дейін соның кем дегенде 600 шақырымы пайдалануға беріліп, кезең-кезеңімен ақылы жүйе енгізіледі.
Менің тапсырмам бойынша биыл «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастайды. Ол аса маңызды міндетті орындауға – алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған.
Қызметкерлерді қайта даярлау
Біздің ірі кәсіпорындар әкімдіктермен бірлесе отырып, тиісті жол карталарын әзірлеуі керек. Онда қысқартылатын жұмысшыларды қайта даярлау, оларды әрі қарай жұмыспен қамту үшін бірлесіп инвестиция салу жайы қарастырылуы қажет. Басы артық жұмыс күші бар өңірлерден басқа жерлерге, сондай-ақ, ауылдардан қалаларға жұмыс күшін ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету керек.
Кәсіпкерлікті дамыту
Біздің стратегиялық мақсатымыздың бірі – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қамтамасыз ету. Бұдан былай Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады. Үкімет пен әкімдерге биылғы 1 шілдеге дейін бизнесті қайта реттеу жөніндегі жүйелі шаралар әзірлеу міндетін жүктеймін.
Жекешелендіру
Ірі компанияларымызды ІРО-ға дайындау және оған бейімдеу ісін де жеделдету керек. Келесі кезеңде осы қағидаттарға сай келмейтін мемлекет меншігіндегі барлық кәсіпорындар мен ұйымдарды 2020 жылға дейін жеке секторға беру немесе жою қажет. Ал ондай кәсіпорындар саны бірнеше мың болады. Әрбір бағдарлама немесе тапсырмаға орай заңды тұлғалар құру тәжірибесі бұдан былай тоқтатылуға тиіс.
Квазимемлекеттік секторды реттеу
Үкіметке «Самұрық-Қазына» холдингін сапалы түрде трансформациялау ісін жүзеге асыруды тапсырамын. Басқарушылық және өндірістік бизнес үдерістерін толық ревизия мен оңтайландырудан өткізу қажет. Нәтижесінде ол тиімділігі жоғары, жинақы және кәсіби холдингке айналуға тиіс. Менеджмент пен корпоративті басқару сапасын халықаралық деңгейге жеткізу керек.
«Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерін де қайта құру қажет. Олар мемлекеттік даму бағдарламаларын іске асыру жөніндегі операторлар болуға тиіс. Соған орай олардың функцияларын оңтайландыру керек. Жеке сектор жүзеге асыра алатын нәрсенің барлығы бизнеске берілуі қажет.
Сондай-ақ, оларға бағдарламаларды іске асыру үшін мемлекеттік емес қаржы көздері арқылы қор қалыптастырумен айналысу керек.
Үкімет квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі қарыздарына мониторинг жүргізу мен бақылау жасау жүйесін қалыптастырып, онда тәртіп орнату керек.
Инфляция
Бүгінде Ұлттық банк алдында инфляциялық таргеттеу режімін дамыту жөніндегі маңызды міндет тұр. Орта мерзім ішінде инфляция деңгейін кезең-кезеңмен 3-4%-ға дейін төмендетуге қол жеткізуіміз керек.
Қаржы секторын жаңарту
Еліміздің қаржы секторын «қайта жаңғырту» қажет.Ұлттық банкке банк секторын қалыпқа келтіру жөнінде шаралар кешенін әзірлеуді тапсырамын. Банктердің балансын тиімсіз несиелерден арылту жұмысын жеделдетіп, қажет болған жағдайда олардың капиталын акционерлер тарапынан арттыруды қамтамасыз ету керек. Банктердің ахуалына жедел бақылау орнату үшін Ұлттық банкке көбірек құқық берген жөн. Ұлттық банк банктердің қателік жіберуін күтпей, оларға ықпал ететін шаралар қабылдау үшін формальді көзқарастан ықтимал қатерлерге жол бермейтін қадамдарға көшуге тиіс.
Бюджет шығыстарының тиімділігін тексеру
Министрліктер мен ведомстволардың қаражатты игеруінің тиімділігін тексеру қажет.
Республикалық бюджеттің 40%-дан астамын құрайтын Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым министрліктерінен бастау керек. Оның қорытындысы бойынша маған баяндалсын.
Тиімсіз бағдарламалардың қаражатын Үшінші жаңғырту міндеттерін іске асыруды қамтамасыз ететін бағдарламаларға қайта бөлу қажет. Сондай-ақ, қаражатты нақты экономикаға неғұрлым тезірек әрі тиімдірек жеткізу үшін бюджеттік рәсімдерді жеңілдеткен жөн.
Ұлттық қор қаржысын бақылау
Ұлттық қор қаражатын пайдалануға ұтымдылық тұрғысынан қараған жөн. Ұлттық қордан алынған кепілдендірілген трансферт көлемі 2020 жылға қарай кезең-кезең бойынша 2 триллион теңгеге қысқартылуға тиіс.
Білім беру жүйесін өзгерту
Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет.
Сонымен бірге, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажет.
Қазақ тілі мен ағылшын тілі
Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90% ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды.
2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытатын боламыз. Бұл мәселені тиянақты ойланып, ақылмен шешу қажет.
Мектептердің және мұғалімдердің деңгейі, әсіресе ауыл мен қалада әртүрлі. Білікті педагогтардың жетіспеу проблемасы да бар. Сондықтан, осының барлығын ескеріп, ағылшын тілін кезең-кезеңмен енгізуіміз керек.
Әлеуметтік көмек
Менің тапсырмам бойынша 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 2,1 миллион зейнеткер үшін зейнетақы 2016 жылғы деңгейден 20%-ға дейін арттырылады. Елімізде жыл сайын 400 мыңға жуық бала туады, бұл – 1999 жылғы деңгейден 2 есе дерлік жоғары. Мұндай жақсы үрдісті алдағы уақытта да сақтау керек. Менің тапсырмам бойынша 2017 жылғы 1 шілдеден бастап бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі 20%-ға өсіріледі.
Ең төменгі күнкөріс шегін де қайта қарастыру керек. Ол қазақстандықтардың нақты тұтынушылық шығыстарына сәйкес келуге тиіс.
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету шегін ең төменгі күнкөріс шегінің 40%-ынан 50%-ға дейін өсіріп, оның жаңа форматын енгізу керек. Бұл ретте жұмыс істеуге қабілетті адамның бәрі тек жұмыспен қамту бағдарламасына қатысу шарты арқылы ғана қолдауға ие болуға тиіс.
Терроризм мен киберқылмысқа қарсы
Қазіргі заманда адамзат терроризмнің белең алуымен бетпе-бет келіп отыр. Бұл ретте деструктивті күштерді қаржыландыратындарға, шетелдік террористік ұйымдармен байланыс жасайтындарға қарсы күрес жүргізу ісі негізгі мәселе болып саналады.
Осы шараның бәрі менің тапсырмам бойынша әзірленіп жатқан, 2017-2020 жылдарға арналған Діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет жөніндегі мемлекеттік бағдарламада ескерілуге тиіс. Киберқылмыспен күрестің өзектілігі барған сайын арта түсуде. Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне «Қазақстан киберқалқаны» жүйесін қалыптастыру шараларын қабылдауды тапсырамын.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024