Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Прокурор: Әбілязов 100 адамнан тұратын қылмыстық топ тұрған

Прокурор: Әбілязов 100 адамнан тұратын қылмыстық топ тұрған

Алматы. 3 сәуір. 7kun.kz - Алматыда БТА Банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбілязовтың ісіне қатысты негізгі сот талқылауы басталды.

Негізгі сот талқылауы басты күдікті Мұхтар Әбілязовтың қатысуынсыз басталды. Айыпталушылардың қатарында, банктің бұрынғы басқарма төрағасының орынбасары Жақсылық Жарымбетов, несиелеу бойынша экс-директор Қайрат Садықов және Қаржылық құрылым басқармасының бұрынғы төрағасы Сәдуақас Мамеш бар. Айыпталушыларға БТА Банктің қаржысын жымқырды, қызмет бабын асыра пайдаланып, банк қаржысын заңсыз жұмсады деген күдік бойынша айыпталып отыр. Тергеу нұсқасы бойынша, аталған қылмыстық топ 1 трлн 557 мрлд теңге шығын келтірген. Іс бойынша сот төрағасы - Матпек Кәкімжанов.

Прокурордың айтуынша, Әбілязов банк капиталын жасанды жолмен ұлғайтқан. Әбілязов Мамешке өздері пирамидаға ұқсатқан қылмыстық сызба жоспарын дайындауды тапсырған. Аталған қылмыстық жоспарды әзірлеуге Мәмештен басқа да жақын адамдар тартылған.

«Әбілязов БТА Банкке төраға болып тағайындалғаннан кейін банк иесі әрі акционері емес болса да акционерлердің, кредиторлардың, депозиттерге ақша салған шетелдіктердің ақшасын жымқыру мақсатында қызмет бабын өзінің лауазымдық міндеттері шеңберінен тыс пайдаланған. БТА Банк және Қазақстандағы кез келген екінші деңгейлі банк халықаралық нарықта несие беру үшін қаржы тартады. Ал, Әбілязовтың банк басшылығына келгеннен кейінгі қаржы жымқыру жоспары ауқымдылығымен ерекшеленген. Әбілязовтың жоспары бойынша, қаржыны жымқырмастан бұрын ол халықаралық қаржы орталықтарынан және салымшылардың қаржысын барынша үлкен сомада тартуды көздеген. Ол шетелдік несие берушілерден ақша алу үшін банкте акционерлер салған жеткілікті қаржы бар екенін көрсетуі қажет болған. Өзінің қылмыстық жоспарын жүзеге асыру үшін Әбілязов көмекшілеріне банк капиталын қолдан өсірудің сызбасын әзірлеуді тапсырған. Банкке инвестиция тарту тәсілін Әбілязов өзі бекіткен», - деді прокурор.

«Әбілязов әр түрлі елден 100 адам мүше болған ұйымдасқан қылмыстық топ құрған. Ол өзінің сенімді адамдарын БТА Банктің бөлім басшылары етіп тағайындаған. Жасанды жолмен банк капиталын ұлғайту нәтижесінде, Әбілязов инвесторларға банк капиталы 8 есе үлкен деп көрсетіп, сендірген. Шетелдік қарыз берушілер банкке ақша салған. Ұрланған қаржыны Әбілязов кейін оффшорлық компанияларға аударған.

Ұрланған қаржыға Әбілязов Лондон қаласынан элиталық үлгідегі жылжымайтын мүлік алған, оның ішінде 12 жатын бөлмесі бар, хауыз, түрік хамамы бар үлкен үй сатып алған. Сонымен қатар, ол Нью-Йорк қаласынан жылжымайтын мүлік алып, оны кейін Алматы қаласының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың (Храпуновтың ұлы Ілияс экс-банкирдің қызы Мәдина Әбілязоваға үйленген) көмегімен сатып жібермек болған», - деді мемлекеттік айыптаушы.

Осылайша, Әбілязов 2014 жылғы редакция бойынша ҚР ҚК-нің 263-бабы (Қылмыстық қауымдастық құру оған мүше болғанмен тең), 176-баптың 3-бөлігі (Сеніп тапсырылған біреудің мүлкін иемденіп алу және жұмсау), 24-баптың 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу), 176-баптың 3-бөлігі (сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену және жұмсау), 193-баптың 3-бөлігі («Қылмыстық жолмен келген қаржыны жекешелендіру»), 220-бабы 1-бөлігі (банктің қаржысын заңсыз пайдалану) және ҚР ҚК-нің 228-бабы (Қызмет бабын асыра пайдалану) бойынша айыпталып отыр.

Похожие материалы