Алматы. 29 наурыз. 7kun.kz – «Қаламқас» кен орны №8237 ұңғымасы маңайындағы грифонда шыққан өрт 28 наурызда сағат 01.05-те сөндірілді. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қаламқас» кен орнында болған техногендік апатқа қатысты мәселелерді талқылау үшін бүгін Маңғыстау облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдері үшін брифинг өтті.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Жақып Марабаев брифингке жиналғандарды осы жылдың 13 наурызында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-на қарасты Қаламқас кен орнының күрделі учаскесінде ұңғыманың құрылысы барысында техногендік сипаттағы газ-су аралас табиғи бұрқақ шыққаны туралы хабардар етті.
Оның айтуынша, наурыздың 13-24 күндері мамандар ұңғыманы күрделендірілген бұрғылау ерітіндісімен жуу, сондай-ақ грифондарды жою үшін жөндеу-оқшаулау жұмыстарын жүргізді. Қолданған шараларға қарамастан, 25 наурыз күні жер бетіне шыққан газ-су қоспасының ошағы жана бастады. Маңғыстау облысы бойынша Төтенше жағдай департаментінің бастығы Қ.Б. Базарбаевтың басшылығымен ТЖ, экология, полиция, орталық мемлекеттік органдар, ҚМГ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «СиБУ» ЖШС және Маңғыстау облысы әкімдігі өкілдерінен құрылған жедел штаб өрт ошағын ауыздықтау бойынша қажетті шараларды қабылдады. Төтенше жағдайды жою үшін 80-нен астам маман және 25 түрлі техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 28.03.2019 ж. сағат 01.05-те №8237 ұңғымасы маңайындағы грифонда шыққан өрт ауыздықталды.
Қазіргі таңда газ-су аралас табиғи бұрқақтың жер бетіне шығуы тоқтатылды және пайда болған грифондар жабылды. Зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Алдын ала мәліметтер бойынша, материалдық шығынның көлемі көп емес.
Жақып Марабаев пайда болған өрт – бұл Қаламқас кен орнын игеру жағдайына тән құбылыс екенін атап өтті.
«Әрине, біз қашанда осындай оқиғаларға дайын болуымыз керек – бұл үшін осы сияқты қауіп-қатерлер туындаған кезде уақтылы және сапалы әрекет ету бойынша арнайы регламенттер әзірленген. Мұндай жұмыстарға біліктілігі аса жоғары, өндірісті жете білетін және мол тәжірибесі бар мұнайшы-мамандар қажет екенін баса айтқым келеді. 8237 ұңғымадағы өртті ауыздықтау үшін еңбек еткен барлық әріптестеріме алғыс білдіремін. Олардың отбасы мүшелеріне айтарым – енді қауіп жоқ, уайымдамаңыздар», - деді Жақып Марабаев.
Қазіргі кезде нысанда қайта қалпына келтіру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Мамандар алдағы уақытта осындай төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жан-жақты техникалық сараптамалар жүргізілетін болады.
Похожие материалы
Правительственная комиссия расследует причины авиакатастрофы вблизи Актау
- 26 желтоқсан, 2024