Қасым-Жомарт Тоқаев: Бизнеспен жұмыс істеу кезінде ескі тәсілдерге жол берілмеуі керек
Бүгін Президент бизнесмендермен кездесуі кезінде құқық қорғау органдары қызметіндегі кемшіліктерге арнайы тоқталды, деп жазды Akorda.kz.
"Науқаншылдыққа салынып, асыра сілтеуге мүлде болмайды. Егер мұндай оқиғалар анықталса, арнайы тексеру жүргізіледі. Тиісті баға беріледі. 2019 жылы өз Жолдауымда бизнеске заңсыз кедергі келтіру мемлекет мүддесіне қарсы бағытталған қылмыс ретінде қарастырылатынын айттым. Бұл – Бас прокуратураның міндеті. Әрине, алаяқтармен күресу қажет. Оған дау жоқ. Бірақ, артық қыламын деп, тыртық қылмау керек. Жазықсыз жандар қосақ арасында жапа шекпеуге тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, Президент мемлекеттік органдардың қызметінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу керек екенін атап өтті.
– Өңірлік билік пен аумақтық құқық қорғау бөлімшелерінің басшылары кәсіпкерлермен бірігіп, бизнесті қолдау деген сылтаумен үнемі заңды бола бермейтін әрекеттердің жүзеге асырылуына септігін тигізгені жасырын емес. Бұл – үлесті өзара бөлісіп алған деген сөз. Мұның бәрі сыбайлас жемқорлыққа, көлеңкелі әрекеттерге, әкімшілік ресурстарға негізделген және тендерлер мен бюджет қаржысын оңды-солды шашуға бағытталған қазақстандық бизнестің ащы да болса шынайы бейнесін қалыптастырды. Мұндай қылмыс түрлеріне мемлекет батыл әрі міндетті түрде жүйелі тосқауыл қоюға тиіс. Бұл – үлкен міндет. Отандық бизнестің дәл осындай сипаты тұтас мемлекеттің беделіне зор нұқсан келтіреді. Басқаша айтқанда, елімізде ешқандай да қолдаушы тірек пен рейдерлік болмауы керек. Егер бизнес адал жұмыс істеуге дайын әрі креативті, заманға сай сұранысқа ие болса, оны қолдау қажет. Ұлттық экономиканың жаңа моделіне енуге көмектесу керек. Біз бизнес пен мемлекет мүддесі арасындағы теңгерімді қатаң сақтауға тиіспіз, – деді Қазақстан басшысы.
Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді күдікті деп тану тәжірибесі жиі кездесетінін және іс жүзінде бұл тек мүлік даулары екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарынан бірінші кезекте алаяқтық, қаржыны жылыстату, заңсыз ақша табу, қаржы пирамидаларын құру әрекеттерін әшкерелеуді талап етті.
– Әрине, Бас прокуратура құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қиялынан туған қылмыстық істерді тоқтатуға тиіс. Мұндай күмәнді істерге бастамашы болғандарды жауапқа тарту керек. Мемлекеттің бизнеске қолайлы жағдай жасау саясатына нұқсан келтіретін күштік құрылымдар қызметкерлері басшыларының жауапкершілігін арттыру шараларын айқындау маңызды. Бас прокуратураға Жоғарғы Сотпен және Үкіметпен бірлесе отырып, заңнамаға нақты түзетулер топтамасын әзірлеуді тапсырамын. Әкімшілік бұл мәселені бақылауға алсын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы өз сөзінде мемлекеттік аудит жүйесімен байланысты мәселелерді де қозғады. Оның айтуынша, тапсырыс беруші мемлекеттік органдарға қатысты мемлекеттік аудит тексерістерінің нәтижесі тапсырыс орындаушы кәсіпкерлердің қылмыстық қудалауға ұшырауына жиі негіз болады. Бұл ретте, Мемлекет басшысы кәсіпкерлердің мемлекеттік аудит қорытындысына шағым түсіріп немесе негізсіз қылмыстық істен құтыла алмайтынын, жүйенің солай құрылғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аудит нәтижесіне шағым түсірудің барлық мүмкіндігі қарастырылмайынша, қылмыстық іс қозғауға жол бермейтін механизмді енгізу қажет екенін айтты. Сондай-ақ, Бас прокуратураға Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және бизнес-омбудсменмен бірлесе отырып, қылмыстық және азаматтық-құқықтық жауапкершілік салаларының ара-жігін ажыратуға бағытталған механизмдерді тез арада әзірлеуді тапсырды.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024