Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

QAZAQ AIR әуекомпаниясы Астана - Жезқазған бағытында жаңа рейс ашты

QAZAQ AIR әуекомпаниясы Астана - Жезқазған бағытында жаңа рейс ашты

Алматы. 21 тамыз. 7kun.kz - 19 тамызда QAZAQ AIR компаниясы Астана-Жезқазған бағытында алғашқы рейсті орындады. Бұл туралы 7kun.kz тілшісі хабарлайды.

Енді әр сенбі сайын бас қала тұрғындары Жезқазғанға, Жезқазған тұрғындары Астанаға Bombardier Q400 NextGen  ұшақтарымен ұша алады. Ұзақтығы 55 минут болатын рейстің ұшу құны барлық төлемдерді қоса есептегенде 13 366 теңгеден басталады. Жезқазғаннан Елордаға барлық төлемдерді қосқанда 13 662 теңге.

Жезқазған тұрғындары сондай-ақ Астана арқылы Алматыға ұша алады.  Бұл сапардың құны 20 878 теңге, Алматыдан Астана арқылы ұшу 20 207 теңгені құрайды.

"Бүгін біздің әуе компаниямыз Жезқазғанға алғашқы жолаушыларын жеткізді. Бұрын автокөлікпен, пойызбен жету ұзақтау, жедел жеткізісі келетін тұрғындар үшін қолайсыз еді. Енді әуе жолы бұл олқылықтың орнын толтырды. Қазақ даласының дәл ортасы Жезқазған мен Ұлытау жерінен Астанаға жаңа рейс ашылғанына қуаныштымыз" – деді әуекомпанияның коммерциялық директоры Адель Даулетбек рейстің ашылуына орай өткен баспасөз мәслихатында.

Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекованың айутынша биыл қаланың 22017-2019 жылдарға арналған даму жоспары қарастырылған. "Мұның бір бағыты - логистиканы дамыту еді. Бұл бағытта бізді  QAZAQ AIR қолдап, жаңа әуе рейсін ашты. Бұл біздің өңір тұрғындары үшін өте маңызды. Енді Қызылорда, Шымкент бағытында жаңа рейстер ашылса деген тілегіміз бар", - дейді қала әкімінің орынбасары.

Қала әкімі орынбасарының сөзін "Қазақмыс" компаниясы әлеуметтік-еңбек қатынастары бөлімінің басшысы Тоғызбай Тәжбенов та қолдады. "Бүгінгі алғашқы рейспен келген жолаушылардың 70% біздің компанияның қызметкерлері. Олардың көпшілігі Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облысынан. Сондықтан бұл бағытта рейстер ашылса, сұранысқа ие болатын еді. Ал бүгін ашылған Астана рейсінің біздің өңір үшін маңызы зор", дейді компания өкілі.

Айта кетейік Астана-Жезқазған-Астана немесе Астана арқылы Алматы-Жезқазған бағытындағы билеттерді flyqazaq.com сайтынан, сату орталықтарынан немесе +7 727 356 1414 телефон нөмірі бойынша xабарласу арқылы брондап, сатып алуға болады.

Похожие материалы