Алматы. 27 сәуір. 7kun.kz – «Қазақстан Халық банкі» акционерлері 2021 жылға дивидендтер төлемеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлады қаржы институты.
«Қазақстан Халық Банкі» АҚ жай акциялары бойынша дивидендтер есептелмейді және төленбейді. 2021 жылға арналған таза пайда бөлінбейді және бөлінбеген пайдаға жатқызылған», - делінген ақпаратта.
Бұл шешімді акционерлер 2022 жылғы 22 сәуірде акционерлердің жалпы жиналысын өткізбей сырттай дауыс беру түрінде қабылдағаны атап өтілген.
Хабарланғандай, банктің 2021 жылы шоғырландырылған таза пайдасы 462,378 млрд теңгені құрады. 2020 жылы Халық банкі 211,573 млрд теңге дивиденд төледі.
Халық банкін Қазақстанның тұңғыш президентінің қызы мен күйеу баласы Динара мен Тимур Құлыбаевтар «Алмэкс холдинг тобы» АҚ (69,52%) арқылы басқарады, Банктің 28,69% акциясын номиналды ұстаушы Нью-Йорк Банкі.
Ұлттық банктің мәліметі бойынша, 2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Халық банкі Қазақстандағы 22 банктің арасында активтерінің көлемі бойынша 1-ші орынды иеленді.