Қазақстан мен Қытай Қорғас өзенінде селден қорғайтын бөгетті салуға кірісті
Алматы. 19 сәуір. 7kun.kz – Қазақстан мен Қытай Алматы облысының Қорғас өзеніндегі «Шұңқыр бұлақ» бөгетін бірлесіп салуға кірісті, - деп хабарлайды «Интерфакс-Қазақстан».
Құрылыстың басталу салтанаты облыстың Панфилов ауданында Қазақстанның мемлекеттік органдары өкілдері мен ҚХР делегациясының қатысумен өтті.
Шараға қатысушылар келешек бөгеттің орнына естелік белгі қойды. «Осылайша селден қорғайтын бөгетті салудың бірлескен халықаралық жобасы бастау алды», -деп көрсетілген хабарламада.
Алматы облысының Қорғас өзеніндегі бірлескен селден қорғайтын «Шұңқыр бұлақ» бөгетін салудың ынтымақтастығы туралы үкіметаралық келісім 2017 жылдың 8 маусымында жасалған.
Бірлескен жоба «Қорғас» шекарасы ынтымақтастығының халықаралық орталығы нысандарын сел және тасқын судан қорғауға бағытталған.
Бұған дейін ІІМ жобаның сметалық құны 11,7 млрд теңге деп мәлімдеген болатын. Бөгет Қазақстан мен Қытайға бірдей тиесілі болады. Қаржыландыру тараптармен ынтымақты түрде бірлескен бөгеттің жалпы құнының 50%-ын салумен жүргізіледі.