Алматы. 11 шілде. 7kun.kz – Қазақстан жолдардың сапасы бойынша аутсайдер елдердің қатарында тұр. Бұл туралы бүгін автомобиль жолдары саласындағы проблемалар талқыланған кеңесте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов айтты.
«Жол салу кез келген мемлекет үшін өте маңызды. Сондықтан біз де оған үлкен көңіл бөліп жатырмыз. Бүгін барлық проблемаларды талқылап, тиісті шешімдерге келеміз деп үміттенемін», - деді жиынды ашқан Олжас Бектенов.
Оның дерегінше, 2018 жылдың қорытындысында әлем елдерінің автокөлік жолдарының сапасы рейтингінде Қазақстан 140 елдің ішінде 106 орынға тұрақтаған. Бұл өте нашар көрсеткіш, аутсайдерлік позиция саналады.
«Оған белгілі бір деңгейде сыбайлас жемқорлық себеп болып отыр. Соңғы 3,5 жылдың ішінде жол құрылысы саласында шамамен 100 жемқорлық құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Сотталғандардың қатарында «ҚазАвтоЖолдың», жергілікті атқарушы органдардың «Облжолзертханалар» базасында құрылған Жол активтерінің сапа орталығының лауазымды тұлғалары және өзге де құрылымдардың өкілдері бар», - деді ол.
О.Бектеновтың атап өтуінше, жол құрылысы саласындағы жемқорлық негізінен келісімшарттарға қол қою үшін пара берумен, заңсыз кәсіпкерлік қызметке қамқорлық жасаумен және әкімшілік шаралар қолданбаумен, сонымен қатар мемлекеттік сатып алулар барысында ақша қаражаттарын ұрлаумен байланысты болып отыр.
«Күні кеше ғана «ҚазАвтоЖолдың» Павлодар филиалының және Жол зертханасының басшыларына үкім шықты… Осы бағыттағы проблемаларды шешу үшін агенттіктің «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК жанынан жобалық кеңсе ашылды, оның мақсаты – автожол саласындағы сыбайлас жемқорлық бағыттарына қарсы әрекет етуге бағытталған процедуралардың тиімді тетіктерін құру» , – деп түйіндеді Бектенов.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024