Алматы. 29 қыркүйек. 7kun.kz – 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 15 524 шетел азаматы еңбек етеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 594 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 3 901 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 8 894 және 911 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 430 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 1 604 адам тартылды.
«Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 748 жұмыс беруші бар. Оларда 400 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96% - ы», – делінген хабарламада.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 6 139 адам (40%); тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 489 адам (10%); ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 256 адам (8%); кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 1 158 адам (8% ); өңдеу өнеркәсібі – 1 154 адам (8%).
Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 576 адам, Үндістан – 1 740 адам, Түркия – 1 701 адам, Өзбекстан – 1 535 адам, Ұлыбритания – 1 127 адам.
Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. Осы жылғы қаңтарда ірі отандық бизнес өкілдерімен кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының берген тапсырмасын орындау үшін министрлік шетел жұмыс күшін тартуға арналған квотаны бұрын жоспарланған 28 352 бірліктен 23 560 бірлікке дейін, яғни 4 792 адамға (16%) қысқартты.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024