Қазақстанда 620 мың студент бар. Оның 90%-дан сәл астамы бакалавр, 7-8% магистр және 1%-дан азы PhD докторлары. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Industry Advisory Board Forum-да айтты.
Министр сонымен қатар ғылымды қаржыландыру форматы мен бағдарламасы қайта қаралатынын жеткізді.
«Бүгінгі таңда ғылымға бөлінетін қаржы 3,5 есе артты. Некен-саяғы ғылыми дәрежесін қорғап, жоғары білімге, ғылымға келеді. Жап-жас PhD докторлары қандай да бір позицияға ие бола алмайды. Әдетте олар сатылай өсуге мәжбүр. Олардың мотивациясы жоғалады. Гранттық өтінімдерге, ғылыми жобаларға қатысу үшін мақалалар, ғылыми дайындық, қалыптасқан профиль қажет. Ол үшін гранттарға қатысу шарт. Бұл тұйық шеңбер болып шықты. Сондықтан қазір мақсатты қаржыландыру форматы мен бағдарламасы қайта қаралып жатыр. Университеттерге өсу нүктелерін қалыптастыруға мүмкіндік беретін алғаш рет «мега грант» ұғымы (қаржыландыру тұрғысынан) енгізілуі мүмкін», - деді министр.
Саясат Нұрбек айтқан жаңалықтың бірі - Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің құрылуы мен президенттің бірнеше күн бұрын Ғылым Академиясына мемлекеттік мәртебе беру туралы Жарлыққа қол қоюы. Енді Ұлттық Ғылым академиясының Президентін Тоқаев қызметке тағайындайды.
Айта кетейік, аталған форум AlmaU-дың Технологияларды коммерцияландыру орталығының ұйымдастыруымен өтті.
Industry Advisory Board (Салалық консультативтік кеңес) – бизнес, салалық кәсіпорындар мен жетекші ғылыми университеттер арасындағы өзара байланысты ашық орнату үшін құрылған платформа.
Форумда коммерцияландыру бойынша ғылыми университеттер Альянсының құрылғаны туралы жарияланды. Он университет AlmaU-мен меморандумға қол қойды: ҚазҰУ, Satbayev University, АЭжБУ, ҚазҰМУ, ҚазҰАЗУ, ҚБТУ, ҚАТУ, Shakarim University, ЯФИ және Азаматтық авиация академиясы. Олардың сегізі күрделі салалық міндеттерді шешуге және қосылған құны бар жаңа өнімдерді жасауға бағытталған ғылыми-зерттеу жобаларын таныстырды. Ал салалық кеңес мүшелерінен тұратын қазылар алқасы сұрақ қойып, құнды кеңестер берді.
Салалық консультативтік кеңес қазіргі уақытта Siemens, Microsoft, MC, Honeywell, Coca Cola сияқты әлемдік көшбасшылардың өкілдерін қоса алғанда 22 мүшеден тұрады.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024