Алматы. 26 наурыз. 7kun.kz – 2019 жылдың 16 наурызында Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев азаматтықты жеңілдетілген тәртіппен алу үшін оралмандар мәртебесін 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәртебесі аяқталған оралмандар оны ұзарту үшін жергілікті атқарушы органдарға және қазақстандық азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алу үшін ішкі істер органдарына жүгіне алады.
1991 жылдан бастап 303 мың отбасы немесе 1 млн 40 мың этникалық қазақ тарихи отанына оралды және оралман мәртебесін алды, бұл ел халқының 6%-ын құрайды. Осының арқасында көші-қонның теріс сальдосының деңгейін төмендетіп, демографиялық өсімге қол жеткізілді.
Оралман мәртебесін алғандардың Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуға құқығы бар (қалған шетелдіктер Қазақстанда кемінде 5 жыл тұруы қажет).
Сонымен қатар, оралман мәртебесі оны алған күннен бастап бір жыл өткен соң тоқтатылады. Оралман мәртебесін ұзарту оралман мәртебесі тоқтатылған күннен бастап үш айдан аспайтын мерзімге өтініш берген кезде жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алу мақсаттары үшін ғана мақұлданады.
Бірақ, бүгінгі таңда қарастырылған уақыт ішінде жеңілдетілген тәртіппен қазақстандық азаматтығын алмаған оралмандар, қай жағдайдың туындау себептеріне қарамастан, мұндай мүмкіндіктен айырылады. Сондықтан, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы мәселені шешуге көмек көрсетуді қолға алды.