Алматы. 18 шілде. 7kun.kz — Қазақстанда Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы ең жоғарғы жылдық инфляцияның бірі тіркелді. Маусым айында жылдық инфляция 5,4%-ды құрады. ЕАЭО елдері арасында бұл көрсеткіш Беларусьте ғана көп - 5,7%. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссия хабарлады.
Ресейде жылдық инфляция 4,7%-ды, Арменияда – 2,5%-ды, Қырғызстанда - 0,9%-ды құрады. Жалпы, Одақтағы деңгей маусым айында 4,6% деңгейінде қалыптасты.
ЕЭК мәліметтері бойынша, Қазақстан азық-түлік тауарлары бағасының өсуі бойынша көшбасшы болды - жылына 8,2%. Ал Беларусьте 6,1%, Ресейде – 5,5%, Арменияда – 4,6%, Қырғызстанда – 1,7% өсім тіркелген.
Сондай-ақ, Қазақстанда 2018 жылдың маусымымен салыстырғанда 2019 жылдың маусым айында азық-түлік емес тауарларға баға 6,1%-ға өсті. Беларусьте аталған тауарлар бір жылда 4,2%-ға, Ресейде – 3,5%-ға, Арменияда - 1,9%-ға қымбаттады. Қырғызстанда азық-түлік емес тауарлар, керісінше, бір жыл ішінде 0,1%-ға арзандады.