Алматы. 20 ақпан. 7kun.kz – Ұлттық Банк екінші деңгейдегі банктердің қатысуымен жеке тұлғаны қашықтан сәйкестендіру жүйесін тестілік режимде іске қосқанын хабарлады.
Тетікті енгізу клиенттерге қашықтан тәсілімен, үйінен, офистен шықпай, банктердің бөлімшелеріне бармай және қағаздағы құжаттарға қол қоймай барынша талап етілетін қаржылық қызметтерді алуға, оның ішінде банк шотын, салымын ашуға, төлем карточкасын шығаруға және өзге де мәмілелерді жасауға мүмкіндік береді.
Бұл тетік шеңберінде қашықтан сәйкестендіруден өту үшін клиентке жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) енгізу және банкпен бейнеконференцбайланыс сеансынан өту жеткілікті. Клиентті сәйкестендіру оның биометриялық көрсеткіштері және клиенттің келісімі негізінде алынған «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорынан алынған мәліметтер негізінде жүзеге асырылады.
Жобаны іске асыру және жүйенің жұмыс істеу функционалын тексеру мақсатында Ұлттық Банк банктер клиенттерінің шектеулі саны шеңберінде сервисті пайдалану үшін барынша нақты жағдайларға жақындатылған тестілік платформаны әзірледі. Қазіргі уақытта платформаға 11 банк қосылып, тестілеуден табысты өтуде. Сонымен қатар бірқатар басқа банк қосылу сатысында.
Қазақстанда жеке тұлғаны қашықтан сәйкестендіру жобасын енгізу клиенттер үшін қаржылық қызметтердің деңгейін, тиімділігін және қолжетімділігін арттырады, географиялық кедергілерді жояды, оның ішінде алыстағы өңірлердің тұрғындары және қозғалысы шектеулі азаматтар үшін кедергілерді жояды, бұл қашықтан тәсілімен сервистердің одан әрі дамуына және болашақта қаржылық қызметтердің басым бөлігін онлайн-режимге аударуға ықпал ететін болады.
Жоба «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде іске асырылады және қаржы ұйымдарының клиенттеріне қаржылық қызметтерді қашықтан тәсілмен алу мүмкіндігін беруге бағытталған.