Алматы. 29 желтоқсан. 7kun.kz – ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында Қазақстандағы туризм саласын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
Министрдің айтуынша, министрлік туристік нысандарды жылжыту мен дамыту ісін белсене қолға алған. Келесі жылы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданады. Аталмыш бағдарлама Қазақстанға туристер ағынын көптеп тартуға мүмкіндік береді.
Құжатты дайындау кезінде АҚШ, Канада, Түркия, ЕО елдері, сондай-ақ Ресей, Грузия, Өзбекстан елдерінің туризмді дамыту мен жылжытудағы тәжірибелеріне терең зерттеулер жүргізілді:
Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, бағдарламаның 3 негізгі мақсаты айқындалды:
- жаппай халықаралық туристер ағынын ұлғайту;
- нарықты дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру, туризм саласында жұмыспен қамтылған адамдардың санын арттыру;
- туризм индустриясының инвестициялық тартымдылығын арттыру және 2025 жылға қарай Қазақстан Республикасының жалпы ішкі өніміндегі туризмнің үлесін 8%-ға дейін өсіру. Бұдан басқа, әлемдік деңгейдегі туристік инфрақұрылымды дамытуда тәжірибесі бар ірі инвесторларды тарту.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы әзірленді, ол келесі жылы жалпыға ортақ талқылауға ұсынылатын болады. Туризм – әлемдегі ең серпінді дамып келе жатқан сала, Қазақстан да жетекші орындарда болуға құқылы. Біз төрт түрлі маусымы бар елміз, әрі ол – біздің үлкен артықшылығымыз. Біз – саяси тұрақтылық, ұлтаралық татулық орнаған әрі дамуға құлшынысы бар елміз. Шетелдіктер біздің ақ көңіліміз бен қонақжайлығымызды бағалайды. Туризм саласын белсенді түрде дамытатынымызға сенімдімін», — деді. А. Мұхамедиұлы.
Мемлекеттік бағдарламаның негізі — Қазақстанның туризмді дамыту картасы. Республикалық деңгейдегі ең үздік 10 және 50 аймақтық бағыт анықталды. ҚР МСМ деректері бойынша, Топ-10 жобасының сәтті жүзеге асырылуы 2025 жылға қарай туристік ағымды 4 есе арттыруға, 64 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Республикалық деңгейдегі ең үздік 10 бағыт:
1) Астана қаласы — жылына 1 000 000 туристік әлеуеті бар;
2) «Бурабай» курорттық аймағы — жылына 2 000 000 туристік әлеуеті бар (қазіргі туристік ағым – 750 000);
3) Алакөл көлі — жылына 2 500 000 туристік әлеуеті бар (қазіргі туристік ағым – 772 мың);
4) Алматы облысының тау кластері — жылына 2 500 000 туристік әлеуеті бар (қазіргі туристік ағым – 500 000);
5) Баянауыл курорттық аймағы — жылына 450 мың туристік әлеуеті бар (қазіргі туристік ағым – 200 000);
6) Имантау-Шалқар курорттық аймағы — жылына 400 мың туристік әлеуеті бар (қазіргі туристік ағым – 130 000);
7) Балқаш көлі — жылына 400 мың туристік әлеуеті бар (қазіргі туристік ағым – 130 000);
8) Түркістан — жылына 1,5 миллионға жуық туристік әлеуеті бар (қазіргі туристік ағым – 500 000);
9) Байқоңыр ғарыш кешені;
10) Маңғыстау — жылына 750 мың туристік әлеуеті бар.
Туристік нысандар тізімінің ішінен министр бірінші кезекте Алматы шаңғы кластерін атап өтті.
«Бұл көп мүмкіндігі бар Шымбұлақ курорты, жақында ғана Талғар ауданында жаңа шаңғы базасы ашылды. Ендігі міндетіміз – бұл нысандарды канаттық жолмен қосу, сонда ғана жергілікті тау шаңғысы спортының әуесқойлары мен шетелдік туристердің саны артады. Шетелдіктердің қызығушылығымен өседі. Тау шаңғысы туризмді дамытудағы ең пайдалы жобалардың бірі болғандықтан, бірегей табиғатымыз бен қажетті инфрақұрылымымыз бола тұра, бұл мүмкіндікті пайдалана алмауымыз мүмкін емес», — деді А. Мұхамедиұлы.
Сонымен қатар, министр қазақстандықтардың жазда жаяу серуендеуді ұнататыны шетелдіктерді де қызықтыруы мүмкін деген ойда. Жаяу экологиялық туризм әсіресе, Алматы облысында жақсы дамып келеді.
Министр еліміздің туристік тартымдылығын арттыру мақсатында пилоттық режимде әлемнің 128 мемлекеті үшін электрондық виза механизмі, «Жібек жолы» визасы іске қосылып жатқанын мәлімдеді. Бұл өз кезегінде, шетелдік туристердің барынша қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, еш қиындықсыз елге келуіне мүмкіндік береді.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024