Алматы. 3 сәуір. 7kun.kz – Жәнібек Жетіруовтың «Шыңырау» атты көркем фильмі Халықаралық «Фаджр» кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына қатысады.
Фестиваль 2019 жылғы сәуірдің 18-26 аралығында Иранның астанасы Тегеранда өтеді. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген.
Fajr International Film Festival (FIFF) Иран киносының дамуына үлкен әсер тигезітен, басқа елдермен мәдени алмасуға ықпал ететін ірі кинофестиваль. Негізі 1982 жылы қаланған. Фестивальдің қазылар алқасы қатарында әлем кинематографының белді тұлғалары - Фолькер Шлендорф, Кшиштоф Занусси, Бела Тарр, Агнешка Холланд, Андрей Звягинцев және Рүстем Ибрагимбеков болған.
Әбіш Кекілбаевтың повесі «Шыңыраудың» желісі бойынша түсірілген картина менмендік, бақталастық, махаббат, достық, қастандық сынды адамға тән құбылыстарды көрсетеді.
«Фильм тек кинофестиваль талаптарына ғана емес сонымен қатар көрермендердің де көңілінен шығатынына сенімдімін. Себебі фильмге арқау болған тақырып тың және құпия мен сырға толы касиетті Маңғыстаудың ғажайып табиғаты шығарманың бояуын қанықтырып, оған терең астар жүктеді. Биыл еліміз қазақ әдебиетінің классигі Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдық мерейтойын атап өтуге дайындалып жатқанда фильмнің осындай халықаралық кинофестивальдерге қатысуы жазушының творчествасына берілген зор баға және біз үшін үлкен мәртебе деп ойлаймын», - деді фильмнің режиссері Жәнібек Жетіруов.
Айта кетейік, аталған фильм Бангладештің Дакка қаласында өткен 17-ші ХКФ үздік операторлық жұмыс номинациясы бойынша жеңіске жеткен.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024