Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қазақстандық Hyundai-ды мінетін күн алыс емес

Қазақстандық Hyundai-ды мінетін күн алыс емес

Алматы. 21 сәуір. 7kun.kz - Алматыдағы
индустриялық аймақта Hyundai автокөліктері құрастырылады. Бүгін Қазақстан мен Кореяның құзырлы министрліктері мен бизнес өкілдері зауыттың іргетасын қалады, деп хабарлайды 7kun.kz тілшісі. 

Атап айтқанда Қазақстан тарапынан ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр,
Astana Group компаниясының президенті Нұрлан Смағұлов пен Оңтүстік Кореяның сауда, өнеркәсіп және энергетика министрі Сон Юн Мо, Нyundai Мotor Сompany стратегия жөніндегі президенті Конг Ян Вун қатысты.

Зауыттың иесі - Нұрлан Смағұлов басқаратын «Астана Моторс» компаниясы, ал ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мен Алматы қаласының әкімдігі мемлекет атынан қолдаушы.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдің айтуынша бұл жоба Қазақстандағы автокөлік жасау индустриясын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі.

Министр сөзінің жаны бар. Бұл Қазақстанның 2015-2019 жылдарға арналған Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасындағы автоөндірісті жылына 200 мың данаға жеткізіп, өндірістің 40%-ын экспорттау мақсатына жетудің бір қадамы.

Зауыт іске қосылған соң 700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ал өнімі аталған кәсіпорынның өнімі ішкі нарыққа да, үшінші елдерге экспорттауға бағытталады.

Кәсіпорын іске қосылған бірінші кезеңде 30 мың автокөлік құрастырады, ал екінші кезеңде өндіріс қуаты жылына 45 мың автокөлікке дейін артады. 

25 миллиард теңге инвестиция салынатын зауытта дәнекерлеу, бояу, құрастыру, пластикалық панельдерді өндіру цехтары және сапаны бақылау учаскесі болады. Оңтүстік Корея мен Жапонияның жаңа технологиясымен жабдықталатын зауытта алдымен Accent, кейін Creta, одан кейінгі кезеңде Hyundai -дың Santa Fe, Elantra, Accent, Sonata, Tucson маркалары құрастырылады. Өндірістік цехтар биыл салынса, зауыт конвейерінен бірінші автокөлік  2020 жылы шығады. Жоба мұнымен шектелмейді, болашақта жанынан қосалқы бөлшектер өндіретін зауыт та бой көтереді.

Зауыттың іргетасын қаау рәсімінде Оңтүстік Кореяның сауда, өнеркәсіп және энергетика министрі Сон Юн Мо жобаның болашағына сенім білдірді. Өйткені Нyundai Мotor Сompany зауытқа елу жыл бойы қалыптасқан тәжірибе, барлық технологиясы мен ноу-хауды енгізеді.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің айтуынша зауыт құрылысына барлық инфрақұрылымы бар 25 га жер бөлінген. 

Белгілі бизнесмен Нұрлан Смағұловтың айтуынша мемлекет жерді жалға берген. Егер жобаның іске қосса грант ретінде зауытқа беріледі.

«Бұл мемлекеттің өте ауқымды көмегі. Зауытты біз жеке және қарызға алған қаражатқа саламыз. Оның 70% Қазақстанның Даму банкінен коммерциялық шарттармен алынған қарыз болады», - деді
Astana Group президенті.

Бұған дейін жазғанымыздай Алатау ауданындағы Индустриалды аймақта құны 144 млрд теңгені құрайтын 39 жоба жүзеге асып жатыр. Жапон, неміс пен қытай, ресейлік капиталдың қатысуымен 5 зауыт ашылған. Биыл инвестиция көлемі 367 млрд теңгеге жуықтайтын тағы 4 кәсіпорын ашу жоспарланған. Зауыттың іргетасын қалау шарасында қала әкімі Бауыржан Байбек те мұны тағы бір атап өтті.


Похожие материалы