Қазақстандық кәсіпкерлердің корпоративтік табыс салығы жергілікті бюджетке түседі
Алматы. 20 қаңтар. 7kun.kz — Шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы жергілікті бюджеттерге қосылады. Бұл туралы ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Айта кетейік, бұрын корпоративтік табыс салығының түсімдері толық көлемде республикалық бюджетке түсетін.
"Тиісті түзетулер жаңа жылдан бастап күшіне еніп, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы, мемлекеттік басқару жүйесін және бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, кредиттеу және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң арқылы қабылданды", - деді министрлікте.
Ведомствоның ақпаратына сәйкес, бұл түзету жергілікті атқарушы органдардың өңірдегі іскерлік белсенділігін арттыруға және ШОБ-ты дамытуға ынталандырады.
"Республикалық бюджетке КТС түсімі тек тізбе бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілерінен ғана түседі. Кәсіпкерлердің тізбесі Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің бірлескен бұйрығымен үш жылда бір рет бекітіледі", - деп түсіндірді Ұлттық экономика министрлігінде.
Сондай-ақ облыс мәслихаттарына облыс және аудан бюджеттерінің арасындағы ШОБ-тың КТС-ын бөлу нормативтерін белгілеу құқығы беріледі.
Еске сала кетейік, арнайы салық режімі қолданылатын микро немесе шағын кәсіпкерлік субъектілері, оның ішінде бірыңғай жер салығын төлеушілер корпоративтік, жеке табыс салығын (төлем көзінен ұсталатыннан басқа), әлеуметтік салықты және бірыңғай жер салығын төлеуден үш жылға босатылады.
Министрліктің есебі бойынша, табыс салығынан босату 1,2 млн микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қолданылады. Бұл бизнеске үш жыл ішінде 380 млрд теңгеден астам қаражат үнемдеуге, босаған қаражатты өз қызметін дамытуға бағыттауға мүмкіндік береді.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024