Алматы. 28 тамыз. 7kun.kz – Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Үкіметтің 2019 жылға арналған бюджетті қарастыру барысында ұлттық валютаның доллар ға қатысты бағамы 350 теңге көлемінде болады деп есептегенін мәлімдеді.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, алдағы 3 жылда мұнай қоспасының құны барреліне 60 доллар болады.«Таяу жылға мұнайдың бір баррелін 60 доллармен бекітеміз. Өздеріңіз де білетіндей, бізде бұл көрсеткіш сырғымалы негізде. Яғни, бұл параметрлерді қайта қарастыруға мүмкіндігіміз бар. Бағамға келер болсақ, біз бағамды болжамаймыз... Бюджет жобасын қалыптастыру үшін қолданатын бағам келесі жылға 1 доллар үшін 350 теңге болады», - деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, бюджетте түбегейлі өзгерістер болмайды.
«Бюджет әдеттегідей әлеуметтік бағытқа бағдарланған. Шығыстардың басым бөлігі әрбір қазақстандықтың өмір деңгейін қолдауға бағытталған. Бюджеттің даму бөлігі де бар. Ол агроөенркәсіп кешенін, шағын және орта бизнесті дамытуды көздейтін мемлекеттік бағдарламаларға бағытталанатыны түсінікті. Яғни, түбегейлі өзгерістер бола қоймайды», - деді министр.