ҚДБ индустриалдық-инновациялық даму және «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында отандық жобаларға 197 млрд теңге бөлуге дайын
Астана. 21 қыркүйек. 7kun.kz – Қазақстан даму банкі машина жасау саласындағы жобаларды қаржыландыруға дайын. Бұл бағытта қаражат жеткілікті. Мұның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Мемлекеттік индустриалды-иннвациялық даму бағдарламасы аясында бөлінген 197 млрд теңге де бар. Бұл жайында банк төрағасы Болат Жәмішев Астанада өткен машина жасаушылардың VI форумы аясында 7kun.kz тілшісіне айтты.
Машина жасау ісіне банк өңдеу өнеркәсібінің бір саласы ретінде қызығып отыр. Бұл салаға инвестиция салу – банкке де пайдалы. Алайда аталған саланың несие қоржынындағы үлесі ауыз толтырып айтарлықтай емес. Жалпы несиелендірудің 1%-ы шамасын ғана құрайды. Бірақ бұл – ірі жобалар. Атап айтқанда Қостанайдағы жеңіл көлік пен ауылшаруашылық техникаларын шығаратын зауыт, Екібастұздағы теміржол доңғалақтарын шығару жобасы, Атыраудағы мұнай саласына қажет құралдар зауыты, Шымкенттегі күшейткіш трансформаторлар зауыты.
«Иә, біздің несие қоржынымызда машина жасау ісінің үлесі қомақты деп айта алмаймыз. Дегенмен, бұл қоржынды өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым саласындағы ұзақ мерзімді несиелермен салыстырар болсақ – Қазақстанның барша банк саласының қарыз қоржынындағы ұзақ мерзімге берілген заемдармен тең түседі»,-деді Болат Жәмішев.
Қазір банк машина жасау саласы бойынша құны 96,5 млрд теңге болатын 5 инвестициялық жоба мен сарапшылар қарауындағы бір операцияға қызмет көрсетуде.
Қаржы институтының бизнеске ұсынатын несие түрлері көп. Оның ішінде инвестициялық жобаларды ұзақ мерзімге қаржыландыру, қаржыландырылған жоба аясында кәсіпорынның айналым қаражатын толықтыру және іске қосылған кәсіпорын өнімдерін экспорттауға қолдау көрсету бар. Яғни, экспорттық және экпорт алдындағы операцияларды қаржыландыру. Қарыз беру талаптарына келер болсақ, инвестициялық жобаларға 20 жылға 7 млрд теңгеден бастап, экспорт операцияларына 3 жылға дейін 1 млрд теңгеден бастап ұсынылады. Мемлекеттік индустриалды-иннвациялық даму бағдарламасы аясында жылына 9-10%-бен, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 8%-ға дейінгі мөлшерлемемен несие беріледі.
Банктің қаржылық құралдары арасында жобалық қаржыландыру да бар.
«Біз кепілдікке болашақтағы ақшалай пайдасын қоятын жобаларды да қаржыландырамыз. Олар off-take келісімшартпен расталуы керек. Жартысы EPC келісімшартпен де кепілдендірілуі мүмкін. Яғни бұл келісімшарт бойынша жоба «сақалды құрылысқа» айналып кетпеуі үшін кәсіпорынның іске қосылуын медігер мойнына алады. Дей тұрғанмен, жобаны қаржыландыруға несие беруші тараптың үлесі жоба құнының кем дегенде 30%-ын құрауы керек»,-деді Банк басшысы.
Мұнымен қатар, Қазақстан даму банкінің біріктірілген қаржыландыруда да тәжірибесі бар. Басқа банктермен қосылып несие берген жағдайда ҚДБ 20 жылға кем дегенде 7 млрд теңге сұранысты қаржыландырады. Бұл ретте Банк үлесі кем дегенде 3,5 млрд теңге болуы керек.
Мұны Болат Жәмішев форум қонақтарына да айтты.
«Егер сіздер істес болған және жобаныңыздың қандай да бір бөлігін қаржыландыруды көздеп жүрген банкіңіз болса – бізде сізге ыңғайлы құрал бар. Біз мұндай жағдайда келімшартыңызға қосылып немесе біздің келісімшартқа тартуға дайынбыз. Ондай қаржыландыруды жолға қою үшін сома мен мерзім қандай болуы керек екенін бұған дейін айттым», - деді форумда сөз алған Болат Жәмішев
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024