Hyundai компаниясы 40 жыл бойы конвейерден тоқтаусыз шығып келген Sonata-ны өндірістен алып тастайтын болды, деп хабарлайды TheKoreanCarBlog.
Қазіргі Sonata-ның сегізінші буыны соңғысы болады.
Автожурналистердің жазуынша биыл седан соңғы рет жаңартылып, 2025 жылға қарай өндірістен алынады. Hyundai ары қарай электр көліктерді шығаруға күш жұмсамақ, сондықтан бензинмен жүретін жаңа седан шығаруға инвестиция салғысы келмейді. Hyundai-дың ресми өкілі DN9 кодтық атауы бар Sonata-ны шығаруға дайындық жоғын растады.
Кореялық журналистер Sonata Hyundai Motor-дың электрлендіру стратегиясының құрбанына айналғанын айтады. Жоспар бойынша 2035 жылға қарай концерннің барлық желісі электромобильдерден тұруы керек. Hyundai Sonata-ның өндірістен алынуына тағы бір себеп - сатылымының төмендігі. Оңтүстік Кореяда бұл седанға Kia K5 және Grandeur-ға қарағанда сұраныс аз.
Айта кетейік, Sonata кореялық автопромдағы ең ұзақ шығарылған көлік. 37 жылда бұл марканың 9 миллионнан астам данасы сатылған.