Астана. 12 қыркүйек. 7kun.kz — Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қ.Айтуғанов осы жылғы егін жинау жұмыстарының нәтижесі туралы баяндады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
"Қазіргі уақытқа дейін республика бойынша 11,6 млн гектар астық жиналып, 14,7 млн тонна бастырылды. Егін жинау қарқыны өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 2,4 млн гектар немесе 16 пайызға артық, республика бойынша барлық егістік алқаптың 76,7 пайызы жиналды. Оңтүстік және Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында масақты дәнді-дақылдарды жинау аяқталды. Арпаны жинау жұмыстары аяқталып жатыр. Қазіргі уақытта 1,8 млн гектар немесе аумақтың 86% жиналып, 2,7 млн тонна өнім алынды. Майлы дақылдар бойынша жалпы аумақтың 24% жиналып, 1,2 млн тонна өнім алынды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың көлемінен 10 пайызға артық. Бақша дақылдарын жинау жұмыстары да жалғасуда. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша аумақтың 76% жиналып, 3,1 млн тонна өнім алынды (өткен жылдан 13 пайызға артық). Қант қызылшасы былтырғы жылға қарағанда 1,5 есе артық жиналады деп күтіледі", – деді бірінші вице-министр.
Шаруалар үшін тағы бір жаңалық – «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ арқылы бидай бағасының дәлізі оның сапасы мен жеткізу орнына байланысты кеңейтілуі. Мысалы, құрамында 32% клейковина және 15% протеині бар 5 сұрыптағы бидайдың тоннасы – 60000 теңге. 2 сұрыптағы арпа бағасы жеткізу көлемі 1000 тоннаға дейін болса, 40000 теңгеге, ал жеткізу көлемі 1000 тоннадан артық болса, тоннасы 41000 теңгеге дейін артты.
2017 жылдан бастап «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» рейтингі төмен астық қабылдау кәсіпорындарымен жұмыс істемейтін болады.
2017 жылы астықтың жалпы көлемі 19,5 млн тоннаны құрап, солтүстік өңірлерінен 15 млн тонна астық жиналады деп жоспарланып отыр.
Айгүл Хожантаева
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024