Астана. 18 сәуір. 7kun.kz - ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев су тасқынына жол берген Ақмола облысының әкімін сөкті. Бұл туралы tengrinews.kz хабарлады.
"Мәлік Кеңесбайұлы, сіз қазір Сандықтау туралы айттыңыз. Оқимын: "Түнгі уақытта Жабай өзенінде мұз кептелісі салдарынан су деңгейі көтерілді. Біз ненің алдын алмадық? Аралып шықтыңдар, бақыладыңдар. Жарылыс жұмыстарын жүргізуге болар еді ғой. Төтенше жағдайлар комитеті жұмыс істеп жатыр, олар қайда қарап отыр? Неге бұл жұмыстар орындалмаған?", - деп сұрады Сағынтаев Ақмола облысының әкімінен.
Мәлік Мырзалин өз кезегінде сол кезде жұмыстардың жүргізілгенін, бірақ мұз кептелісінің байқалмағанын айтты. "Жұмыстар атқарылды, бірақ ол жақ орман болғандықтан және таулы болғандықтан қар жиналып қалған. Түнде сағат 3 пен 7 ортасында су деңгейі расында да 40 сантиметрге көтерілді. Сағат 7-ден бері су деңгейінің тұрақсыз деңгейі байқалады", - деді Мәлік Мырзалин. Оның бұл сөзіне премьер-министр: "Халыққа мұны түсіндіре алмайсың. Ақша бөлініп жатыр, оны барлығымыз көріп отыр. Ал біздің жұмысымыз түсініксіз", - деп жауап берді.
Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев әкімнен Атбасар қаласындағы бөгетті кімнің салғанын және кімнің жобасы екенін сұрады.
"Атбасардағы бөгет туралы айтатын болсақ, бөгеттің жобасын "Горсельпроект" ЖШС жасады. Ал құрылыс жұмыстарымен Астанадағы мердігерлік ұйымдардың бірі айналысты. Облыстағы 12 аудандағы 35 жолда су арнасынан тасыды, 34 елді мекен су астында қалды. Су деңгейі көтеріліп жатқан үйлердің саны 893-ке жетті, 2400 адам алдын ала эвакуацияланды", - деді әкім.
Оның айтуынша, бүгінде 318 үйде су тартылды, эвакуацияланған 307 үйдің тұрғындары үйлеріне қайтты. 1619 адам туыстарының үйінде тұрып жатыр.
Алдын ала жүргізілген шараларға қарамастан Сандықтау мен Атбасар аудандарында 17 сәуірде төтенше жағдай жарияланды. 9 елді мекенде су деңгейі 1 метрден екі метрге дейін жетті. Атбасарда жағдай қиын. Онда 405 үй су астында қалып, 1307 адам эвакуацияланды. Сандықтау ауданында түнде су деңгейі 40 сантиметге дейін жетті. 304 үй су астында қалып, 720 адам эвакуацияланды.
Бақытжан Сағынтаев биліктегілердің су тасқынынан ұшыраған аумақтарды ерекше қатаң бақылауда ұстау керектігін ескертті.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024